Батысқазақстандық спортшы қоян-қолтық ұрыстан ашық турнирде жеңімпаз атанды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО Ішкі істер департаментінің қызметкері Темірлан Ихсанғалиев ҚР ішкі істер органдары құрылуының 25 жылдығына орай Ақмола облысы Щучинск қаласында ерлер мен әйелдер арасында қоян-қолтық ұрыстан өткен оныншы ашық турнирде жеңімпаз атанды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Батысқазақстандық спортшы қоян-қолтық ұрыстан ашық турнирде жеңімпаз атанды

Облыстық ІІД баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аталмыш жарысқа еліміздегі құқық қорғау органдары ғана емес, сондай-ақ бірқатар ТМД (Ресей, Беларусь, Қырғызстан, т.б.) елдерінен 18 команда құрамында 186 спортшы қатысып, бақ сынады.

Қазақстан құрамасы сапында сынға түскен Темірлан Ихсанғалиев 80 кг салмақта чемпиондық тұғырға көтерілді.

Айта кетейік, қоян-қолтық ұрыстан және әскери самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Темірлан Ихсанғалиев - талай халықаралық додада олжа салып жүрген белгілі спортшы. Ол - қоян-қолтық ұрыстан әлем кубогының жүлдегері, әскери самбодан екі дүркін әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы, әлем біріншілігінің күміс жүлдегері.

Батыс Қазақстан. ҚазАқпарат.