Батысқазақстандық спортшылар биыл 339 медальді жеңіп алды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Биылғы бірінші жартыжылдықта БҚО спортшылары ресми республикалық және халықаралық жарыстарда барлығы 339 медальді (116 алтын, 101 күміс, 122 қола) жеңіп алды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаеваның айтуынша, осындай додаларға БҚО-дан барлығы 722 спортшы қатысып, бақ сынады.
Өңірде барлығы 57 спорт түрі дамыса, соның 48-і бойынша спортшыларға халықаралық және республикалық турнирлерге, оқу-жаттығу жиындарына қатысуына қолдау көрсетіледі. Осының ішінде 26 спорт түрі олимпиадалық ойынға жатады.
Жыл басынан бері облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарды өткізуге басқарма бюджетінен 17,970 млн. теңге бөлінді. Соның нәтижесінде 38 спорт түрі бойынша (20-сы олимпиадалық) 107 жарыс өткізілді.
Облыстағы 25 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 11038 адам 44 спорт түрімен айналысады. Осы мектептерде 504 оқытушы-жаттықтырушы қызмет етеді. Биыл еркін күрес пен шорт-тректен аға бапкерлер Асқар Сәукелин мен Максим Лозовойға «Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағы берілді. Жаттықтырушылардың біліктілігін арттыруға мән беріледі. Биылғы алты айда 23 бапкер (2015 жылы - 35, 2016 жылы - 44) республикалық семинарларға қатысып, білім-білігін көтерді. Өңірде аталған мектептерге қоса олимпиада резервтерін даярлау орталығы, облыстық жоғары спорттық шеберлігі мектебі, спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-интернаты, 11 спорт клубы, соның ішінде 3 кәсіпқой клуб («Ақжайық» спорт клубы» ЖШС, «Ақжайық» футбол клубы» ЖШС, «Жайық» волейбол клубы» МКҚК) жұмыс істейді.
- Әсия Рақымқызы, соңғы жылдары облыс орталығында теннис орталығы, оқушылар және жастар сарайы, Деркөл мен Зачаган кентінде, сондай-ақ Теректі, Қаратөбе, Сырым аудандарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынғаны мәлім. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатқан шығар?
- Иә, Батыс Қазақстанда жаңадан спорт ғимараттарының салынуына барынша көңіл бөлініп келеді. Қазіргі таңда Зеленов ауданы орталығы Переметный ауылында 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтеруде. Мұнда көпбейінді ойын залы (волейбол, баскетбол, шағын футбол), жекпе-жектер және тренажер залы орналаспақ. Ғимаратты биылғы қараша айында пайдалануға беру көзделуде. Сол секілді Бөрлі ауданы орталығы Ақсай қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысы аяқталып келеді. Мұнда ойын, жекпе-жек, бокс, тренажер залдарына қоса стадион, 8 жеңіл атлетика жолағы, қос бірдей спорт алаңы болмақ. Бұған қосымша өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында биыл ауылдық жерлерде 4 спорт алаңы салынды. Жыл аяғына дейні тағы 28 спорт алаңын (мұның 13-і Орал қаласында, 15-і аудандарда) іске қосу жоспарлануда. Облыстағы он екі ауданның екеуінде (Бөкей ордасы мен Бөрлі) ғана барлық ауылдық округтер қазіргі заманғы спорт алаңдарымен қамтамасыз етілген. Өңірде осы заманғы «Street workout» спортымен шұғылдану үшін 35 алаң салынған.
Жыл сайын спорттық құралдар сатып алуға 15 млн. теңге бөлінеді. Биыл бұл мақсатқа 13,250 млн. теңге жұмсалды.
Елбасы тапсырмасына сәйкес спорттың бұқаралылығын арттыру мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Тұрғындар арасында жүргізілген жүйелі жұмыс нәтижесінде спортпен айналысушылар саны өсіп келеді. Мысалы, спортпен тұрақты шұғылданушылар саны 2015 жылы 158739 адам (өңір тұрғындарының 25,3 пайызы) болса, 2016 жылы 170650-ге (26,7 пайыз) жетті. Биылғы алты айда 1432 спорттық іс-шарамен 78897 адам қамтылса, соның 1130-ы (40211 адам) ауылдық жерде өткізілді. Ұлттық спорт түрлерінен өткен 354 шараға 14853 адам қатысты. Президенттік тестілерді тапсыру бойынша қысқы спорт түрлерінен облыс бойынша 44049 адам (соның 23017-сі ауылдық жерде) бақ сынап, соның ішінде 1001 адам президенттік, 2787-сі ұлттық дайындық деңгейі үдесінен шықты. Жазғы спорт түрлері бойынша 50213 адам (облыс халқының 7,9 пайызы, 29201-і ауылдық жерден) тартылып, соның 2452-сі президенттік, 4734-і ұлттық дайындық сынағын тапсыра білді.
Жалпы, облыста 1545 спорт нысаны жұмыс жасайды.
Өңірде мүмкіндігі шектеулі жандар арасында да спортты серік қылғандар аз емес. Олардың саны қазіргі таңда 1806-ға жетті. Өткен жылы облыс әкімдігінің қаулысымен «Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубы» МКҚК құрылып, онда 147 адам 11 спорт түрімен тұрақты айналысуда. Биыл мүмкіндігі шектеулі жандар арасында 19 аудандық, 3 облыстық, 1 республикалық жарыс өткізілді.
- Спорт саласында шешілуі тиісті өзекті мәселелер жөнінде не айтар едіңіз?
- Алдымен айтарым, аудандық әкімдіктерде дербес дене шынықтыру және спорт бөлімдері, ауылдық округтердің көпшілігінде нұсқаушы-әдіскерлер жоқ. Облыс бойынша дербес дене шынықтыру және спорт бөлімдері тек Орал қаласы мен Бөрлі аудандарында. Қалған 11 ауданда мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімдері жұмыс жасайды. Сондықтан аудандық әкімдіктерде дербес «Дене шынықтыру және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесін құрып, әр ауылдық округте нұсқаушы-әдіскер штатын енгізу қажет.
Аудандарда дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің тапшылығы спортты қарқынды дамытуға қолбайлау болуда. Осы бағытта Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылында мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарлануда. Күні бүгін оның жобалық-сметалық құжаттамасы жасалуда. Сонымен қатар Бөкей ордасы, Жаңақала, Жәнібек (жобалық-сметалық құжаттамасы дайын), Қазталов, Тасқала және Шыңғырлау аудандарында осындай кешендер салу керек-ақ.