Батысқазақстандық таеквондошы Азия чемпионатының жүлдегері атанды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батысқазақстандық Тамир Қуатов Амманда (Иордания) таеквондодан (WTF) жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батысқазақстандық таеквондошы Азия чемпионатының жүлдегері атанды

Т.Қуатов олимпиадалық ойын түрі – таеквондодан (WTF) 53 келіге дейінгі салмақта жүлдеге ілікті.

Жаттықтырушысы Арслан Ордабаевтың айтуынша, Тамир кадеттер арасында финалға дейін вьетнамдық, гонконгтық және ирандық қарсыластарын ұтты. Тек соңғы бәсекеде ғана тайпейлік спортшыға жол берді.

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, Тамирдің туған ағасы Шыңғыс та таеквондомен айналысады. Ол – жастар арасындағы Қазақстан чемпионатының жүлдегері.

Еске сала кетейік, бұдан екі жыл бұрын өңірде жасөспірімдер арасында Лиана Кушкеева таеквондодан Азия чемпионы атанған болатын.