Батысқазақстандық университет итальяндық компаниялармен байланысты нығайта түспек

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті итальяндық компаниялармен байланысты нығайта түспек. Бұл туралы аталмыш ЖОО-да «Университет және шетел компаниялары» тақырыбында өткен халықаралық конференцияда айтылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Батысқазақстандық университет итальяндық компаниялармен байланысты нығайта түспек



Италиядан Sant'Anna университеті, «DG Group», «Valagro-DG Group» компаниялары, сондай-ақ еліміздегі шетелдік және отандық кәсіпорындардың өкілдері қатысқан жиында облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұловтың атап өткеніндей, Мемлекет басшысы еліміз тәуелсіздік алғаннан бері инвестиция тарту мәселесіне баса көңіл бөліп келеді.

Осындай саясат нәтижесінде елге миллиардтаған инвестициялар тартылып, экономика жаңа деңгейге көтерілуде. Бұл ретте адами капиталды дамыту маңызды рөл атқарады. Мысалы, табиғи байлықтары болмаса да, Жапония ғылым, инновация мен технологияларды және адами капиталды тиімді пайдалана білудің арқасында алдыңғы қатарлы елдердің қатарына қосылды. Осы орайда итальяндық компаниялардың Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетімен әріптестік байланыс орнатып, жұмысты бірлесе жүргізуге құлшыныс танытуы құптарлық.

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың басқарма төрағасы - университет ректоры Асқар Нәметовтің айтуынша, қазіргі таңда білім саласына жаңа міндеттер қойылып отыр. Яғни кәсіби ғана емес, сонымен қатар жаңаша ойлайтын, IT-технологияларын меңгерген, басқару ісіне жетік, бизнеске бейім мамандар даярлау қажет.

Университет білікті кадр даярлау мақсатында 150, соның ішінде 22 шетелдік компаниямен келісімшарт жасасқан болатын. Соның бірі итальяндық «Каспиан Проджер» компаниясымен (бас директоры Криши Гаетано) 2014 жылы байланыс орнатылды. Келісім аясында 2016 жылы пилоттық негізде «Арман» зертханасы ашылып, жұмыс жасай бастады. Күні бүгін мұнда университеттің 32 түлегі еңбек етеді, олар тиісті дайындықтан кейін кез келген шетелдік компанияға орналаса алады.

«Арман» зертханасы» ЖШС бас директоры Криши Гаетано ынтымақтастық аясын кеңітіп, енді бұл іске басқа да итальяндық әріптестерін қоспақшы. Айталық, құрылғанына жарты ғасырдан асқан «DG Impianti» компаниясы мұнайгаз, энергетика, табиғи байлықтар, химия және мұнайхимия өнеркәсібі сынды салаларда қызмет етуге маманданған. Жалпы, итальяндық компаниялардың ғылымдағы, өндірістегі мол білімі мен тәжірибесін Қазақстанға әкелу арқылы ауыл шаруашылығын, мұнай-газ саласын одан әрі дамытуға болады.

Конференцияда сондай-ақ «DG Impianti» компаниясының бас директоры Палоццо Уильям мен бас атқарушы директоры Мике¬ле Анджело Торторелла, «Italfluid-DG Group» компания¬сы¬ның бас директоры Антонио Галлетта, Италияның Sant'Anna университетінің (Пиза қаласы) ректоры Перрата Пьердоминико, «Valagro-DG Group» компаниясының президенті Отторино Ла Рокка өз ой-толғамдарымен, тәжірибелерімен бөлісті.

Жиын соңында білім-ғылым саласындағы халықаралық әріптестікті нығайту және универси¬тетке инвестиция тарту мақсатында Жәңгір хан атындағы БҚАТУ, «Арман» зертханасы» ЖШС және «Ди Джи Қазақстан» (DG Ka-zakhstan) ЖШС арасында «Мечта» зертханасы бірлескен кәсіпорнын» құру туралы үш жақты келісімшартқа қол қойылды.