Батысқазақстандық волейболшы қыздар Уфада өткен турнирде күміс жүлдегер атанды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралдың «Грация-KZ» командасы волейболдан 2005-2006 жылғы қыздар арасында Башқұртстан астанасы Уфа қаласында өткен халықаралық турнирде күміс жүлдегер атанды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Уфадағы №34 балалар спорт мектебінде өткен жарысқа барлығы сегіз команда қатысса, соның тең жартысы Башқұртстаннан еді. Командалар екі топқа бөлініп, ең үздіктері жартылай финалға жолдама алды. Үшінші орын үшін бәсекеде «Олимп» (Нефтекамск) командасы Салауат қаласының өкілдерін ұтты. Ал финалда аса тартысты бәсекеде №34 балалар спорт мектебінің командасы оралдықтарды жеңді.
«Грация-KZ» командасын көптен жаттықтырып келе жатқан Көлеңке Ғұбашевтің айтуынша, батысқазақстандықтар бұдан бұрын да халықаралық турнирлерде сәтті өнер көрсеткен болатын. Бұл жолы олар екінші орынға көтеріліп қана қоймай, волейболдан Ресей құрамасының атақты ойыншыларымен кездесіп, суретке де түсті.