Батысқазақстандық жас ғалым Президент қоры сыйлығының лауреаты атанып оралды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті машина жасау факультеті құрылыс және құрылыс материалдары кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Нұргүл Әділова Астанадан тұңғыш Президент қоры сыйлығының лауреаты атанып оралды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Нұргүл Болатқызының айтуынша, мәдениет және өнер, білім, денсаулық сақтау сынды салалар бойынша барлығы 18 адам лауреат атанды.
«Бұл - мен үшін үлкен қуаныш. Бүгінде атағы әлемге жайылған жас эстрада әншісі Димаш Құдайберген сияқты жас дарындармен бірге Елбасы қорының сыйлығымен марапатталуым мені де биік межелерге жетелейді. Қазіргі кезде «Композиттік шикізат негізінде жеңіл, кеуекті түйіршіктелген жылу оқшаулағыш материалдың технологиясы» деген ғылыми жұмысымды жетілдіру үстіндемін. Алдағы уақытта да өндіріске тың жаңалықтарды енгізу бағытында жұмыстанып, еліміздің дамуына өз үлесімді қосатын боламын», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Н.Әділова.
Айта кетейік, Президент қоры сыйлығына үміткерлерден биыл 127 өтінім түскен. 2008 жылдан бастау алғаннан бері 160-тан астам адам лауреат атанды. Ал Нұргүл Әділова бұдан бұрын 2016 жылдың қорытындысы бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігі жариялаған «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» республикалық байқауының грантын жеңіп алған болатын. 