Батысқазақстандық жас спортшылар бірнеше жарыстан олжалы оралды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-интернатының шәкірттері бірнеше жарыстан олжалы оралды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Аталмыш мектеп-интернаттан түскен мәліметке қарағанда, Нұрсұлтан Зайзағалиев Ресейдің Самара қаласында дзюдо күресінен РФ-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Павел Иванниковті еске алуға арналған облыстық ашық турнирде 50 кг салмақта жеңімпаз атанды. Мектеп-интернаттың үздік спортшыларының бірі Н.Зайзағалиевті Нариман Бекқалиев жаттықтырады.
Сол секілді Орынбор қаласында ауыр атлетикадан өткен халықаралық турнирде Ержан Жұмағұлов 85 кг, Арман Ізтелеуов 77 кг, Сержан Хамидолла 38 кг, Артур Зырянов 50 кг салмақта топ жарды. Ал Мадияр Айдар 46 кг, Рустам Орашев 50 кг, Өтепберген Әлиев 62 кг, Виктор Тарасов 94 кг, Дмитрий Шулепов 69 кг салмақта екінші орынға көтерілді.
Оған қоса Ақтөбеде бокстан 2003-2004 жылғы жасөспірімдер арасында мәреге жеткен ҚР чемпионатының аймақтық біріншілігінде Санжар Марксов алтыннан алқа тақса, Алтынбек Төлеш пен Әбубәкір Ихсанов қола жүлдеге ие болды.