Батысқазақстандықтар Қадыр Мырза Әлидің туған күнін атап өтті
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Оралда қазақтың ұлы ақыны, Қазақстан халық жазушысы, Мемлекеттік және тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері Қадыр Мырза Әлидің туған күні кеңінен аталып өтілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Қадыр атындағы мәдениет және өнер орталығында ұйымдастырылған шаралар алдымен ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Содан кейін орталық залында «Өз дәуірінің айнасы» атты әдеби-музыкалық кеште Қадыр өлеңдері оқылып, сөздеріне жазылған әндер орындалды. Сондай-ақ Қадыр Мырза Әли атындағы қоғамдық қордың ұйытқы болуымен ақын хақында «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Мәңгі майдан сарбазы» атты деректі фильм Оралда алғаш рет көрсетілді.
Шара барысында белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО бөлімшесінің төрайымы Ақұштап Бақтыгереева, өлкетанушы Жайсаң Ақбай, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов, Қадыр атындағы қоғамдық қордың директоры, композитор-әнші Донеділ Қажымов және басқалар өз естеліктерімен бөлісіп, Қадырдай ұлы ақынды еске алу жұмыстарының алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
Ақынға арналған шаралар туған жері Сырым ауданында да ұйымдастырылды. Жымпиты ауылындағы Қадыр ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, еңбек ардагері, Сырым ауданының құрметті азаматы Ким Федянин естелігін айтса, Қадыр Мырзалиев атындағы мектеп оқушылары ақын өлеңдерін оқыды. Бұдан кейін ақын атындағы мектепте «Қазыналы Қадыр әлемі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, жиналғандар кемеңгер тұлға туралы өз ой-пікірлерімен бөлісті.