Батысқазақстандықтар қолөнер көрмесін Астана тойына арнады

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда Астана қаласының 20 жылдығына орай «Ақжайық - шеберлер қаласы» атты қолөнер бұйымдарының көрмесі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батысқазақстандықтар қолөнер көрмесін Астана тойына арнады

Көрмені ұйымдастырған «Ғылыми зерттеуді қолдау қоры» жеке қорының басшысы Айболат Құрымбаевтың айтуынша, дәстүрлі көрмеге өңірдегі жүзге жуық шеберлер қатысып, өз бұйымдарын қойды.

Келушілерге ұлттық киімдер, ыдыс-аяқ, тастан, ағаш пен сүйектен жасалған, матадан тігілген бұйымдар, әшекейлер, кәдесыйлар, сөмке, себеттер ұсынылды.

Биыл үшінші мәрте өткізілген көрмеге қатысушылар саны артып келеді. Бұл жолы мектеп оқушылары да келіп, өз суреттерін көрсетуге мүмкіндік алды. Тек көрмемен шектелмей, оқушылар арасында асық ату, белтемірге тартылу, арқан тарту секілді жарыстар өткізілді.

А.Құрымбаевтың сөзіне қарағанда, алдағы уақытта көрмені халықаралық деңгейде ұйымдастыру көзделуде. Қазірдің өзінде орынборлық ісмерлер шараға қатысуға тілек білдіріп отыр. Орынборда халық шығармашылығы орталығы бар, содан оннан астам шебердің келуі үшін ұйымдастыру мәселесі шешілуде. Батыс Қазақстанда 120-дан астам халық шебері бар, солардың ұсыныс-тілектерін ескере отырып, көрме аясын кеңейту, шеберлік сағаттарын, оқыту семинарларын өткізу көзделуде.

Айта кетейік, келесі көрме 27 мамырда өтпекші.