Батысқазақстандықтар ОҚО-мен байланысты нығайта түспек

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов бастаған БҚО делегациясы ауыл шаруашылығы мен индустриалды аймақ саласында атқарылып жатқан жұмыстармен танысу және тәжірибе алмасу мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысында жұмыс сапарымен болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі. 

Батысқазақстандықтар ОҚО-мен байланысты нығайта түспек

БҚО әкімінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, батысқазақстандық делегацияны ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев қабылдап, өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.

«Оңтүстік Қазақстан негізі аграрлы аймақ болып келеді. Мұнда ауыл шаруашылығы мен шағын орта кәсіпкерлік саласы жолға қойылған. Сонымен қатар әлеуеті мол 11 индустриялды аймақ болса, Шымкент қаласының өзінде жеңіл және ауыр өнеркәсіп орындары орналасқан үш индустриялды аймақ бар. Және де Оңтүстік Қазақстан облысы республикадағы фармацевтика кластері дамыған бірден-бір аймақ болып табылады», - деді Жансейіт Түймебаев.

БҚО әкімінің бірінші орынбасары А.Өтеғұлов ресми сапар облыс әкімі А.Көлгіновтың өзге өңірлермен тәжірибе алмасу тапсырмасы аясында ұйымдастырылып отырғандығын айтып, агроөнеркәсіп бағыты дамыған бұл аймақтан үйренер үлгі көп екендігін жеткізді.
«Батыс Қазақстанда мал шаруашылығы дамыған. Бүгінде асыл тұқымды мал шаруашылығы мен ет экспортының әлеуетін өрістетудеміз. Мәселен, өткен жылы оңтүстіктегі мал сою бекеттеріне 7800 бас мал жібердік. Сондай-ақ, осы облыстағы «Қайып Ата» шаруа қожалығы мал басын алуға қызығушылық танытып отыр. Ресейдің бес бірдей өңірімен шектесетін біздің облыс өткен жылы көрші елге 2100 тонна ет жөнелтті», - деді Арман Өтеғұлов.

null

БҚО делегациясы құрамында кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының өкілдері мен ауыл әкімдері бар. Олар оңтүстік өңірдегі ірі шаруа қожалықтарының жұмысымен танысып, кооперативтерді құру бойынша тәжірибе алмасты.

Оңтүстік Қазақстанға екі күндік жұмыс сапарымен барған делегация өкілдері агроөнеркәсіп кешенін дамытуда бірлесе жұмыс атқару мақсатында Ордабасы мен Төле би аудандарындағы бірқатар шаруа қожалықтарын аралап, жұмысымен танысты. Сонымен қатар өңір кәсіпкерлерімен кездесу ұйымдастырылып, өзара келіссөздер жүргізілді.