Батысқазақстандықтар QR арқылы 51 млн теңге мемлекеттік қызметтер ақысын төлеген

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батысқазақстандықтар QR арқылы 51 млн астам теңге мемлекеттік қызметтер ақысын төлеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батысқазақстандықтар QR арқылы 51 млн теңге мемлекеттік қызметтер ақысын төлеген

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы БҚО бойынша филиалының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, Мемлекет басшысы 2021 жылғы қыркүйектегі Жолдауында мемлекеттік қызметтерді алу кезіндегі проблемаларға назар аударып, бұл процестерді толығымен цифрландыруды тапсырған болатын.

Осыған орай өткен жылы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Kaspi және Halyq Bank-пен бірлесіп, ХҚО-ларда мемлекеттік бажды QR көмегімен төлеу сервисін енгізген еді.

QR код арқылы төлем жасау сияқты сервистер азаматтардың мемлекеттік қызметтерді алу ретін жеңілдетуге көмектеседі.

Қазір QR кодтың көмегімен 146 түрлі мемлекеттік қызметтің ақысын төлеуге болады. Болашақта бұл тізім толықтырылатын болады.

QR код арқылы мемлекеттік баж алымын төлеу Kaspi және Halyq Homebank мобильді қосымшалары арқылы қолжетімді.

Бір жыл ішінде қазақстандықтар QR кодты 700 мыңнан астам рет сұратып, 2,8 млрд теңгеден астам сомаға төлем жасаған.

QR төлемді белсенді қолданғандардың ішінде Алматы қаласының тұрғындары көш бастап тұр, екінші орында қарағандылықтар, одан кейін тізімде астаналық тұрғындар (тиісінше 72 052, 63 278, 54 354).

Батысқазақстандықтар QR арқылы 27 269 рет жалпы сомасы 51 063 420 теңгеге мемлекеттік қызметтер ақысын төлеген.

«Сервис енгізілген сәттен бастап, біз оң өзгерістер байқап отырмыз – клиенттер уақытын үнемдеп, оператордың алдында отырып-ақ қызмет ақысын төлеп жүр. Кассалардың жүктемесі төмендеді. Сондай-ақ QR код арқылы төлем жасалғанда комиссия алынбайды. Осының барлығы бізге таяу уақытта ХҚО-дағы кассалардың санын үштен бірге дейін қысқартуға мүмкіндік береді», - деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Әділ Қожықов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО тұрғындарының әдемі нөмір алуға 142 млн теңге жұмсағанын жазған болатынбыз.