Батысқазақстандықтар робот техникасы олимпиадасында табысты өнер көрсетті
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің шәкірттері негізін құраған батысқазақстандықтар Астанадағы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің конгресс-залында өткен республикалық робот техникасы олимпиадасында табысты өнер көрсетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Аталмыш мектептің баспасөз хатшысы Ақмоншақ Мақсотқызының айтуынша, «Негізгі», «Шығармашылық» және «Роботтар футболы» санаттары бойынша өткен сайыста еліміз өңірлерінен келген 300-ден астам оқушы бақ сынады.
«Шығармашылық» санаты бойынша Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Шынболат Тінәлиев пен Асан Бекқалиев жоғары топтар, ал Мәдина Оразова мен Дана Нұрсұлтанова орта топтағылар арасында бірінші орынға ие болды. Сол секілді Серік Данияр мен Оразғұл Арнұр «Негізгі» санатта жеңіс тұғырына көтерілді. Сондай-ақ «Роботтар футболында» Сабыр Арыстан мен Жәңгір Баянов, Салауат Нұрлан мен Нұрғиса Пішенбаев бірінші-екінші орындарды бөлісті.
Облыс намысын қорғаған №42 «Ақ ниет» гимназиясының шәкірттері жоғары топтар арасында «Негізгі» санатта бірінші орынға қол жеткізді.
Айта кетейік, жыл сайын аталмыш олимпиаданы «Халықаралық робот олимпиадасының» Қазақстандағы үйлестірушісі «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы өткізеді.
Республикалық олимпиада қорытындысы бойынша ұйымдастырылатын оқу-жаттығу жиынынан кейін жеңімпаздардан ұлттық құрама жасақталады. Биыл халықаралық робот техникасы олимпиадасы күзде Коста-Рика елінде өтеді.