Батысқазақстандықтар заңсыз сақтап келген қарулары үшін 2,2 млн. теңге алды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биыл 127 дана атыс қаруы тапсырылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, республика бойынша аталмыш шара басталған 10 сәуірден бері облыста 115 арыз түсіп, 127 қару тапсырылса, соның 13-і - ұзын ұңғылы, үшеуі - қысқа ұңғылы, 109-ы тегіс ұңғылы ойық қару. Екеуі - травматикалық қару. Оған қоса екі артиллериялық снаряд, 109 дана оқ-дәрі тапсырылған.
Осы уақыт ішінде Орал қаласының тұрғындары 44, Бөрлі ауданындағылар 16, жаңақалалықтар 16 дана қаруды өз еріктерімен өткізген.
Жалпы, аталмыш шараны өткізу үшін республикалық бюджеттен БҚО-ға 8 млн. 034 мың теңге бөлінген болатын. Күні бүгін тапсырылған қару мен оқ-дәрілердің құны 6 млн. 575,562 мың теңгені құрап отыр. Соның ішінде 43 материал бойынша 2 млн. 287,152 мың теңге ақшалай сыйақы берілген.