Батысқазақстандықтар жазушы Қайыр Құрақұланды еске алды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, математик-ұстаз Қайыр Құрақұланды (Бектұрғанов) еске алу кеші өткізілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Батысқазақстандықтар жазушы Қайыр Құрақұланды еске алды

Шара барысында биылғы 5 наурызда туғанына 80 жыл толатын жазушының жаңа кітабы таныстырылды. Қаламгердің зайыбы, ардагер-ұстаз Надежда Жұбайқызы құрастырған кітапқа Қайыр Құрақұланның шығармалары мен ой-толғаныстары және замандастарының жазған естеліктері, арнау өлеңдері енгізілген.

Кеште ақын, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО бөлімшесінің төрайымы Ақұштап Бақтыгереева Қайыр Құрақұланның әдеби мұрасы мол екендігін, оның кітаптарын, әсіресе, кейінгі ұрпақ оқып, ой түюі тиіс екендігін атап өтті. «Кітап оқымағанның ойы шолақ болады. Қазір ғаламтор жайлаған заман болғанымен, әрбір жас елінің тарихын, әдебиеті мен мәдениетін ұмытуы тиіс емес. Кішкентайынан ата-баба дәстүріне адал болып, таза өмір сүріп қана қоймай, ұлтқа, қоғамға деген көзқарасын, Отанға деген махаббатын көркем туындылары арқылы көрсете білген Қайыр Құрақұландай бірегей тұлғаларды қалай құрметтесе де, жарасады», деді ақын.

null 

Шарада сондай-ақ журналистика ардагері Базарғали Қуатов, қаламгердің досы Темірғали Сұлтанғалиев, қаламдас інілері Бауыржан Ғұбайдуллин, Болатқали Төлебаев және басқалары естеліктерімен бөлісіп, шынайы тілектерін жеткізді.

null 

Айта кетейік, Батыс Қазақстанның Тайпақ ауылында өмір есігін ашып, Орал қаласындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектепті алтын медальмен бітірген Қайыр Құрақұлан 1960 жылы ҚазПИ-дің физика-математика факультетін үздік тәмамдағаннан кейін еңбек жолын ауыл мектебінде мұғалімдіктен бастады. Кейін жарты ғасырдай уақыт бойы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтында (қазіргі Жәңгір хан атындағы БҚАТУ) ұстаздық етіп, талай шәкіртті тәрбиелей білді. Сонымен қатар жазушылықты өмірлік серік еткен Қайыр Құрақұлан көзі тірісінде-ақ көптеген кітаптарды жарыққа шығарды. 1982 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі атанған қаламгер «Ат жалы» повесі үшін 1976 жылдың қорытындысы бойынша республикалық «Жалын» журналы жабық бәйгесінің жүлдегері атанды. «Бабаназар терегі», «Ізгілік жолы», «Қатерлі қияда», «Кері толғау», «Қатқақ», «Ат жалы» сынды кітаптармен қатар тіл мен дін тақырыбында көлемді мақалалар да жазды.  

null