Батысқазақстандықтар Жеңіс күнін кеңінен атап өтті

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Батыс Қазақстан облысында Жеңіс мейрамы кеңінен тойланды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
None
None

Орал қаласында Жеңіс алаңына жиналған майдангерлерді, тыл еңбеккерлерін және барша жұртшылықты облыс әкімі Алтай Көлгінов құттықтап, бәріне де бейбіт аспан астында бақытты да ұзақ ғұмыр сүруіне тілектестігін білдірді.

Ұлы Отан соғысындағы Жеңісті жақындатуға Батыс Қазақстан облысының халқы да сүбелі үлесін қосты. КСРО-ның көптеген жерлерін неміс фашистері басып алғандықтан, соғыс кезінде Қазақстан аумағына 142 кәсіпорын, соның ішінде Орал қаласына 14 ірі өндіріс ошағы көшірілді. Оған қоса жаңа өнеркәсіп нысандары да жедел іске қосылып, майданда жауынгерлер жаумен аянбай шайқасса, тылда барша халық күн-түн демей, еңбек етті. Оралда әскери госпитальдар орналастырылса, Батыс Қазақстан облысының Орда (қазіргі Бөкей ордасы), Жәнібек аудандары Сталинград майданының таяу тылына айналып, соғыс жағдайында деп жарияланды. Сайқын, Жәнібек, Шоңай стансаларын жау ұшақтары бомбалап, жауынгерлер өз алдына, талай тыл адамдарын да мерт қылды. Қысқасы, өңір тұрғындары соғыс демін айқын сезініп, «Бәрі де жеңіс үшін!» деген ұранмен еңбек етті.

Салтанатты жиыннан кейін Мәңгілік алауға гүл шоқтары қойылды.  

Қалалық мәдениет және демалыс саябағында ардагерлерге Ұлы Жеңістің 72 жылдығына орай мерекелік концерт қойылды. Содан кейін олар сарбаз ботқасынан дәм татты.

«Жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ. Ол үшін қанымызды да, жанымызды да аяған жоқпыз. Жеңіс күніне жете алмай, қыршын кеткендер қаншама! Біз олардың бейнесін ешқашан ұмытпаймыз. Қазіргі таңда қатарымыз селдіреп, күн санап азайып жатыр. Бізге қамқорлық-қолдау көрсетіп отырған Елбасына ризамыз. Ең бастысы, еліміз аман болып, одан әрі өркендей берсін», деді соғыс және еңбек ардагері, көп жылдар бойы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде ұстаздық еткен тарих ғылымдарының кандидаты Қалам Сүйіншәлиев.

Бұл күні облыс орталығы мен аудандарда басқа да мәдени шаралар ұйымдастырылды. 

2 1 3  

Соңғы жаңалықтар