Батыстағы ауызсу тапшылығын Көкжиденің көмегімен реттеуге болады – вице-министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елдің батысындағы ең ірі жерасты суының қоры жатқан Көкжиде кенішінің маңайында мұнай өндіретін 8 компания жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серікқали Брекешев Көкжиде кен орнындағы қазба және барлау жұмыстарының жерасты су қорына тигізетін зардабы туралы пікір білдірді.

«Жерасты суларының ластануын болдырмау үшін мемлекеттік органдар мен жергілікті әкімдік Көкжиде кен орнының ауданындағы жерасты суларына мониторинг жүргізіп келеді. Мұнай өндірушілердің әрекетінен жерасты суының ластану фактілері аракідік анықталған болатын. Биыл осыған байланысты ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған. Комиссия ұйымдастырылып, сынамалар алынды. Бірақ концентрациялардың шектен шығуы дәлелденген жоқ. Бірақ біз сонда да тиісті нұсқаулар бердік», - деді ведомство өкілі.

Сондай-ақ, ол аталмыш аумақтағы жерасты суының нақты қоры әлі нақтыланбағанын айтты. Ол үшін биыл жергілікті әкімдік тапсырысымен барлау жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді.

«Көкжиде кен орны елдің батысындағы ең ірі су қоры болып есептеледі. Оның әлеуетін тұрғындардың сапалы ауыз суға тапшылығын жоюға пайдалануға болады. Қазір Ақтөбе облысы әкімдігінің тапсырысы бойынша «Ақпан» ЖШС Көкжиде кен орнының қазіргі жағдайын зерттеу мақсатында жерасты суларының пайдаланылатын қорларын жете барлау және қайта бағалау бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. 2021 жылдың аяғына қарай жерасты суларының қорлары қайта бағаланады. Кен орнының өзекті контурлары айқындалады және нақты экологиялық жүктемесі бағаланады», - деді Серікқали Брекешев.

Оның айтуынша, қазіргі таңда аталмыш аумақта көмірсутек өндіретін 8 кәсіпорын барлау және өндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

«Жұмыс қорытындылары бойынша кен орнының жерасты суларының ықтимал ластануына жол бермеу жөніндегі шаралар кешені әзірленетін болады», - деді вице министр.


Соңғы жаңалықтар