Батыстың баланы кеш көтеру үлгісі бізге де келіп жетті
АСТАНА 13 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазіргі әйелдер бірінші кезекте қызмет сатысымен көтерілуді ойлап, бала табуды «30-дан кейінгі» кезеңге ысырады. Алайда, олар әйелдің жасы 40-қа жақындаған сайын табиғи түрде бала көтеру көрсеткіші небары 1 % ғана болатынын біле ме екен? Сонымен қатар түсік тастау қаупі 50%-дан астамды құрайды. Бұл туралы бүгін Астанада өткен бедеулікті емдеу мәселелеріне арналған дөңгелек үстел мәжілісінде Балтика-Америка клиникасының экстракорпоральды ұрықтандыру зертханасының меңгерушісі Живиле Гудлевичене мәлім етті, деп хабарлайды астана. кz.
Оның айтуынша, тіпті, дені сау, белсенді жас әйелдердің өзінде бала көтеру мүмкіндігі салыстырмалы түрде алғанда өте үлкен емес - 20-25% ғана. Өйткені, 30 жасқа дейінгі әйелдердің ағзаларында барлығы 50%-ға тарта аналық жасушалар генетикалық зақымданбаған идеалды болып табылады. Сондықтан жас кездің өзінде дені сау әйелдің түсік тастау қаупі 10-15%-ға дейін болуы мүмкін.
Балтика-Америка клиникасының Әйелдер денсаулығы орталығының меңгерушісі Римантас Грицюсдың пікірінше, әйелдер бала көтеруді ұзақ мерзімге кейінге қалдыра бермеуі керек. Неге десеңіз, жас өскен сайын табиғи жолмен болатын жүктілікті айтпағанда, жасанды жолмен ұрықтандыру көмегімен де бала көтеру мүмкіндігі тым төмендей береді. Ол былай дейді: «Бұл енді - әлеуметтік тенденция. Бізге көбіне 40 жас шамасындағы әйелдер келеді. Жастары өсіп кеткендіктен, олармен жұмыс істеу қиын». Мұндай келеңсіздіктердің ең басты себебін ол осы мәселедегі халықтың мәліметінің аздығымен байланыстырды.
Жылдар бойы бала көтерем деп үміттеніп жүріп, әйелдер өздерінің бедеуліктеріне тіпті, де күдіктенбейді. Дәрігер мамандарға жүгінген кезде айтарлықтай уақыт өтіп кетеді де көп қиындық туғызады. Сондай-ақ, Римантас Грицюс егер әйел көңілі шын қалап, бір жыл бойы бала көтере алмаса, міндетті түрде тексеріліп, емделуі қажет дегенді қадап айтты.