«Бауырына салу» фильмі тағы топ жарды
АСТАНА. KAZINFORM — «Бауырына салу» фильмінің операторы Жанарбек Елеубек XX «Алтын минбар» Қазан халықаралық кинофестивалінде «Толықметражды көркем фильмдегі үздік операторлық жұмыс» номинациясын жеңіп алды.
Фильм ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен ұлттық киноны қолдау орталығының қолдауымен түсірілген.
Режиссер Асхат Кучинчирековтың туындысы әлі де халықаралық аренада әртүрлі кинофестивальдерде жүлдегер болып жатыр.
Атап айтсақ, Сан-Себастьян кинофестивалінде премьерасы өтіп, Қазақстандағы үздік дебюті үшін «Сыншылардың таңдауы» сыйлығын, Asia Pacific Screen Awards (APSA) кинофестивалінде ең үздік жастар фильмі сыйлығын, 22-ші халықаралық «Дух огня» кинофестивалінің бас жүлдесін және басқа бірқатар марапатты иеленді.
«Бауырына салу» фильмі әжесінің қолында өскен жеткіншектің оқиғасын баяндайды.
Әжесі қайтыс болғаннан кейін ол ата-анасына оралуға және өзі бөтен санайтын адамдармен жаңа ортада қарым-қатынас құруға мәжбүр болады.
«Бұл — ішінара менің өз өмірімнен алынған оқиға. Мен де әжемнің қолында өстім, мені тәрбиелеген сол кісі. Осы мәселені жіті зерттедім. Мұндағы басты нәрсе — ата-ана мен баланың қарым-қатынасы. Ата-әжесінің қолында өскен кез келген бала өз ата-анасын „әке“ не „ана“ деп атамайды. Неге олай? Әр сондай баланың ішінде „мені тастап кеткен“ деген реніш бар. Фильмнің драматургиясы — ескі отбасынан айырылғаннан кейін әлі де жаңа отбасы табу мүмкіндігі бар екенін көрерменге жеткізу», — дейді режиссер.