Бауыржан Айтқазин Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз хатшысы болды
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз хатшысы болып Бауыржан Айтқазин тағайындалды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Бауыржан Айтқазин Алматы мемлекеттік университетінің филология факультетін, Мәскеу мемлекеттік экономика, статистика және информатика институтын «Антикризистік басқару» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы тәжірибесі мол. «Таң» телеарнасында жаңалықтар жүргізген, 31 арнада «Информбюро» бағдарламасының жетекші шығарушы редакторы болып қызмет атқарды.
Сондай-ақ «Хабар» агенттігінің «7 күн» ақпараттық-аналитикалық бағдарламасын жүргізді.
Әр жылдары республикалық «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарындағы филиалдарын басқарды.
Қазақстан Республикасы Президенті Телерадиокешенінің бас директоры, Мәжіліс Парламенті баспасөз қызметінің басшысы, Мәдениет және ақпарат министрлігі ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы, «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы басқарма төрағасының орынбасары болып қызмет атқарды.
Қазақстан Журналистер Одағы премиясының лауреаты, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған.