Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына арналған кітап таныстырылды
АСТАНА. KAZINFORM - Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында аты аңызға айналған қолбасшы, ұлт батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына арналған айрықша кітап жарық көрді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Жоба KAZ Minerals Тобының қолдауымен жүзеге асырылды.

Кітап қазақ және орыс тілінде жазылған. Мұнда Бауыржан Момышұлының өміріндегі бүгінге дейін беймәлім болып келген жайттар - Көлбастаудағы балалық шақ, қан майдандағы ерлік жолы, соғыстан кейінгі қоғамдық-әдеби қызметі сөз болады. Көркем безендірілген басылымда мұрағаттағы құжаттар, тарихи құнды суреттер мен Момышұлының төл туындыларынан үзінділер және замандастарының естеліктері келтірілген.
Кітапты дайындау жұмысы ұлт батыры жайлы естелікті хатқа түсіріп жас ұрпаққа дәріптеу мақсатын ұстанған «Central Asia Production» баспа үйінің редакторлары мен дизайнерлерін, тарихшылар мен зерттеушілерді және меценаттарды біріктірді.

Басылымның жарық көруі KAZ Minerals Тобының тарихи таным мен патриоттықты дамытуға бағытталған мәдени-ағарту бастамаларының маңызды бөлшегіне айналды.
– Бауыржан Момышұлы туралы естелік – тарихымыздың бір бөлшегі ғана емес, жастарға өнеге болатын құнды дереккөз болып саналады. Бұл ұлы тұлғаның өмірбаяны ғана емес, ұрпақтар арасындағы рухани байланыс, намыс, ерлік пен Отанға қызмет етудің маңыздылығы туралы туынды, - деп мәлімдеді «KAZ Minerals Management» ЖШС басқарма төрағасы Эльдар Мамедов.

Жарқын суреттеме, сирек кездесетін материалдар мен тарихи терең мазмұны бұл кітапты ұлттық танымды нығайту тұрғысында маңызды ете түспек.
Осыған дейін Бауыржан Момышұлының алып портреті Рекордтар кітабына енгені туралы жаздық.