Баукеңнің шығармалары жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелей беретіндігіне сенімдімін - Н.Қапалбекұлы

АЛМАТЫ. Қаңтардың 19-ы. ҚазАқпарат / Әділет Мұсахаев / - «Біз Б.Момышұлының 100 жылдығына көрме өткізуге бұдан бір жыл бұрын әзірлене бастадық»,

Баукеңнің шығармалары жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелей беретіндігіне сенімдімін - Н.Қапалбекұлы

дейді Республикалық кітап мұражайының директоры Нағашыбек Қапалбекұлы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатта.

Директордың айтуынша, мұражай қызметкерлері Б.Момышұлының туған жері Жамбыл облысының Жуалы ауданына барған, сонымен қатар Б.Момышұлы атындағы қорда, Тараз қаласындағы Бауыржантану орталығында болып көптеген шығармаларын жинақтаған. Сондай-ақ батырдың көп томдықтарын шығарып жатқан «Өнер» баспасы мен Орталық ұлттық кітапханадан, Ғылым академиясының қолжазба қорынан және басқа да оған қатысты дүниелердің бәрін жинақтап, сұрыптап-іріктеп соның негізгілерін бүгінгі көрмеге қойған. «Б.Момышұлы сан қырлы: ол батыр, ірі қоғам қайраткері және жазушы. Біз кітап мұражайында қызмет етіп жатқандықтан, оның алғашқы кітаптарынан күні бүгінге дейін шыққандарын, еш жерде жарияланбаған қолжазбаларын, жақында шыққан фотоальбомын және әр жылдары басылған дүниелерін іріктеп бүгінгі көрмеге қойдық. Баукең Халық батыры болғандықтан, ол жайлы дүние жүзінде көптеген кітаптар, естеліктер жазылды. Мысалы «Куба әсерлері», Әзілхан Нұршайықовтың атақты «Аңыз бен ақиқаты» басқа да көптеген тұңғиық дүниелер осы көрмеден орын тауып отыр. Қазіргі уақытта Бауыржантану орталығы «Өнер» баспасымен бірігіп Баукеңнің 30 томдығын шығарып жатыр. Оның Мәскеуде және басқа қалаларда жатқан дүниелері бар екен, міне соны жан-жақты зерттеп, шығару үстінде. Баукеңнің шығармалары әлі де біздің жас ұрпақтарымызды отансүйгіштікке тәрбиелей беретіндігіне сенімдімін», дейді Н.Қапалбекұлы.