Баукеспе ұрылар жазадан жалтарудың арнайы қорын құрып алды - Нығматулин
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде қылмыстық-процестік заңнаманы одан әрі жаңғырту тақырыбында өтіп жатқан парламенттік тыңдауда Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин «татуласу» институтын пайдалану кезіндегі кемшіліктерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жәбір көрушімен татуласу институтын пайдалану бойынша дифференцияланған қадамды қарастырған жөн болар. Бұл тұрғыда нені айтпақпыз? Қазіргі кездегі жағдай бойынша бейнелеп айтатын болсақ, егер де ұры бір миллион теңгеден аспайтын сомаға ұрлық жасап ұсталып қалса, ол жәбірленушімен татуласып, шығынның орнын толтыра алады. Осыған байланысты жазадан босатылып, жауапкершілікке тартылмайды. Мүмкін бұл адамгершілікке жататын қадам шығар және дұрыс та болар, алайда, егер ол тағы да ұсталса, осы жолмен жауапкершіліктен жалтаруға ештеңе де кедергі емес. Ол үшін ең бастысы ұрланған зат сомасы миллион теңге көлеміндегі шектен аспаса болды. Өйткені, миллионнан асса, бұл жағдай ауыр қылмыс ретінде қаралып, осы ретте татуласу мүмкін емес»,-деді Н. Нығматулин.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде Қазақстанда жоғарыда аталған кесте бойынша ұрлық үшін жауапкершіліктен кету қылмыстық бизнестің бір бөлігіне айналып отыр.
«Құқық қорғау органдарындағы тәжірибе жүзінде қызмет етіп жүргендердің мәліметтері бойынша аталған мәселе бойынша арнайы қылмыстық қор да құрылған екен. Яғни, осы қордан жәбірленушілерге келтірілген залалдың орны толтырылғаннан кейін, ұры бостандықта қалып, осы кәсібін жалғастыра береді. Бірнеше мәрте тағы да ұсталады, бірақ та оған дейін бостандықта қалуына жәрдемші қылмыстық қорды толтырып үлгереді»,-деп нақтылады Мәжіліс төрағасы.
Осы орайда ол криминалдық статистикаға сүйене отырып, ұрлық жасау ең көп тараған қылмыс түрі екенін атап өтті.