Бауыржан Байбек: Басты борышымыз - Тәуелсіз Қазақстанда бейбітшілік пен келісімді сақтау
Бұл туралы бүгін Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қою салтанатты шарасы барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін Алматыда мыңдаған адам Жеңіс күні Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қою және Екінші дүниежүзілік соғыста құрбан болғандарды еске алу үшін 28-ші гвардияшыл-панфиловшылар саябағына жиналды.
Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсімі барысында Алматы әкімі Бауыржан Байбек сол кезде халық саны 6 миллионнан асатын Қазақстан қан майданға өз азаматтарының 20%-ын аттандырғанын айтты. Олардың әрбір екіншісі сұрапыл соғыстан оралмады.
«Соғыстың барлық майдандарында қазақстандықтар жаумен аянбай шайқасты. Бауыржан Момышұлының, Талғат Бигелдиновтың, Әлия Молдағұлованың, Мәншүк Маметованың, Сергей Луганскийдің, Леонид Беданың, Нүркен Әбдіровтың және мыңдаған басқа да қазақтандықтардың есімі ұлы ерліктер тарихына алтын әріптермен жазылды. Біздің басты борышымыз - Тәуелсіз Қазақстанда бейбітшілік пен келісімді сақтай отырып, өскелең ұрпақтың ашық аспан астында өмір сүруін қамтамасыз ету», - деді Алматы әкімі.
Бауыржан Байбек сөзінде майданға аттанған 1 млн. 200 мың қазақстандықтың 160 мыңнан астамы алматылық болғанын айтты.
Салтанатты шара барысында жиналғандар құрбан болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды, артынан құрметті қарауылдың шеруі өтіп, мерекелік концерт болды. Роза Рымбаева, Тағат Күзембаев, «ILCanto» квартеті, «Арт-классик тобы, Береке Еңкебаева, Алексей Тимофееваның орындауында «Поклонимся великим тем годам», «Священная война», «Жас қазақ», «Әлия», «Тальяночка», «Сағадат», «Смуглянка» сынды композициялар орындалды.