Бауыржан Байбек Мысырдың Жоғарғы Конституциялық сотының төрағасымен кездесті
Тараптар сауда- экономикалық және мәдени- гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелерін талқылады.
«Бүгінгі күні Алматы әлемнің дамыған 600 мегаполистерінің қатарына енген, біздің қаламыз сапалы сервис пен қызметтің, өңірлік қаржының орталығы, мұнда заң тұрғысында инвесторлар үшін барлық жағдайлар жасалған. Мысыр азаматтарының қалаға, әсіресе туризмге қатысты іскерлік белсенділігі арта түседі деп ойлаймын», - деді Бауыржан Байбек.
Өз сөзінде Египеттің Жоғарғы Конституциялық сотының төрағасы Абдел Вахаб Абдель Разек Қазақстандағы соңғы конституциялық өзгерістерді жоғары бағалады.
«Екі елдің өздеріне ғана тән тарихы бар, бірақ қандай жағдайда да байланыс үзілмейді. Менің бүгінгі сапарым Қазақстанның басты заңды құжатына өзгеріс енуімен тұспа-тұс келіпті. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өзі азаматтардың құқы мен бостандығын нығайтуға бағытталған өзгерістерді енгізудің бастамашысы болғандығы қуантады. Бұл - өзге мемлекеттерге жақсы үлгі. Маңызды құжатты талқылауға алматылықтардың белсенді түрде қатысқанын білеміз әрі қабылданған өзгерістердің Қазақстанның барлық азаматтарының жүрегінен лайықты орын алғандығына сенімдіміз», - деп атап өтті Египеттің Жоғарғы Конституциялық сотының төрағасы.
Кездесу барысында египеттік тарап Алматы әкімін Мысырға ресми сапармен келуге шақырды.
Айта кетейік, 2016 жылы Алматы қаласы мен Египет арасындағы тауар айналымы 14,5 млн. АҚШ долларын құрады, қалада 12 біріккен және 16 мысырлық кәсіпорын тіркелген.