Бауыржан Байбек Nur Otan-ның сайлауаралық кезеңдегі міндеттерін атады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Nur Otan партиясының өңірлердегі саяси кеңестерінің құрамы 51%-ға жаңартылды. Бұл туралы партия төрағасының орынбасары Бауыржан Байбек «Фейсбук» парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бауыржан Байбектің айтуынша, Nur Otan Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауында жеңіске жеткен күннен елге берген уәдені нақты орындауға кірісіп кеткен көрінеді. Әрбір облыс, қала және аудан бойынша 217 жол картасы бекітіліп, олардың орындалуын жүйелі бақылау үшін 14 республикалық және 1738 өңірлік қоғамдық кеңес құрылған. Оған депутаттардан бөлек белгілі қоғам қайраткерлері мен сарапшылар, журналистер кірген.
«Партия лидері Нұрсұлтан Назарбаев қойған міндеттерге сәйкес электоратаралық кезеңде орталық аппараттың құрылымы оңтайландырылып, еліміз бойынша партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері мен филиалдары халықпен өзара іс-әрекет жасаудың проактивті форматына көшті. Елбасы айтқандай, Nur Otan «бір орында тұрып қалмай», әрдайым жетіліп отыруы керек. Партия белсенді азаматтық ұстанымы, креативті идеялары мен жобалары бар адамдарды біріктіріп, қолдауы тиіс», - дейді Бауыржан Байбек.
Ол, сондай-ақ, партияішілік праймериз Nur Otan партиясын жүйелі түрде қайта жандандырудың негізгі элементі болды деп есептейді.
«Электоратаралық кезеңде партияның кадрлық әлеуетін күшейту бойынша жұмыстар белсенді түрде жалғасуда. Өткен аптада облыстар, қалалар мен аудандардың барлық өкілді партия органдарына сайлауы аяқталды. Nur Otan саяси кеңестерінің құрамы өңірлерде 51%-ке жаңартылды. Әйелдердің үлес саны 29-дан 35%-ке, 35 жасқа дейінгі жастар – 11-ден 22,5%-ке дейін өсті. Мемлекеттік қызметшілердің үлесі 2 есеге, яғни 18-ден 9%-ке дейін төмендеді. Үштен бірінен астамы – үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, журналистер, блогерлер, кәсіпкерлер, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп қызметкерлері. Әрбір екінші адам – өткен праймериздің қатысушысы», - дейді партия төрағасының орынбасары.
Бауыржан Байбектің ойынша, Nur Otan-ның бүкіл бастауыш партия ұйымдарының 4517 басшысын сайлау партияның құрамын жаңартудағы тағы бір елеулі қадам болған. Дауыс беру қорытындысы бойынша «бастауыш партия ұйымдары» басшыларының 20%-і жаңарса, қалған 80%-ы сенім мандатын растай алған.
«Nur Otan-ның міндеті – тиімді партиялық-саяси күн тәртібін қалыптастыру және жергілікті жерлерде партиялықтардың жұмысын түбегейлі түрде күшейту. Бүгінгі күні барша нұротандықтарды ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын тиімді іске асыруға жұмылдыру маңызды. Атап айтқанда: өзекті мәселелерді ашық талқылау, халықпен «кері байланысты» күшейту, азаматтық бастамаларды қолдау, сондай-ақ бюджет қаражатын жұмсаудың тиімділігі мен ашықтығына жүйелі мониторинг жүргізу және басқа да мәселелерді қамтиды», - деп жазды ол парақшасында.
Nur Otan партиясы төрағасының орынбасары нұротандықтардың Елбасы атаған басты үш қағидаты – жауапкершілік, командалық рух, партия идеалдары мен құндылықтарына беріктік екенін еске салады.
«Біз межеленген жоспарлар мен берген сайлауалды уәделеріміздің барлығын жұдырықтай жұмыла отырып, бірге жүзеге асыратынымызға сенімдімін. «Nur Otan» – нақты істердің партиясы. Қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз», - дейді Бауыржан Байбек.
