Бауыржан Байбек оқушылардың «қозғалыссыз» өміріне алаңдаулы

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда білім беру саласы мамандарының тамыз кеңесінде қала әкімі Бауыржан Байбек оқушылардың денсаулығы үшін алаңдайтынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бауыржан Байбек оқушылардың «қозғалыссыз» өміріне алаңдаулы

«Қазір балалар көп қозғалмайды.  Көп уақытын телеарна алдында өткізеді. 1 қыркүйектен бастап спортпен айналысуға барынша мән беретін боламыз. Маған оқушылардың омыртқалары қисайып, көздерінің көру жітілігі төмендеп бара жатқаны жайлы жиі баяндалады», - деді әкім.

Өз сөзінде әкім америкалық урбанисттің пікірін жеткізді.

«Америкалық оқушылардың арасында диабет дертінің көбеюінің басты себебі «қала құрылысының дұрыс жоспарланбауынан» дейді кейбір ғалымдар. Өйткені, оқушыларға жаяу жүруге мүмкіндік жоқ», - деді әкім. 

Оның айтуынша, қаланың тарихи орталығын жаңғырту жұмыстары оқушылар мен ата-аналары үшін жасалып жатыр.

«Жаяу жүргіншілерге арналған аймақтың пайда болуы адамдарды гаджеттерден бас алып, диваннан  тұруына ықпал етеді. Бұл өз кезегінде дені сау ұрпақтың, отбасылық құндылықтардың қалыптасуына септігін тигізеді», - деді Бауыржан Байбек.

Айта кету керек, Алматыда көктем басталғалы бері қаланың тарихи орталығының үштен-бір бөлігі  қайта жасалып жатыр.

Қабанбай батыр, Панфилов, Жібек жолы, Гоголь көшелері мен «Астана» алаңы қайта жөнделді.

Қабанбай батыр көшесінің екі жағынан Төлебаев пен Абылайхан көшелерінің арасына бірнеше күн ішінде тас төсеу жұмыстары аяқталады. Гоголь көшесі  бойында жасыл желекті суаратын жүйе тартылуда, Қалдаяқов  пен Желтоқсан көшелерінің арасына тас төсеу қыркүйектің  басында іске асады.

«Астана»  алаңында қозғалыс жолағы азайған, құрғақ фонтандарды  монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Тас төсеу де аяқталып қалды. Алаң қыркүйек  айының  басында ашылады.

Қалада барлық  магистральды көшелердегі жолдарға орташа жөндеу жұмыстарын  жүргізу аяқталды. Қыркүйектің басында Асқаров көшесінің бойындағы су құбырларын  және Қазыбек би, Мәметова, Масанчи көшелерінің бойындағы учаскелерде жылу жүйелерін қайта жасау жұмыстары  қыркүйекте  аяқталады. Сонымен қатар, 14,7 км арық жүйесі, 57 көшедегі  42,2 км арық жүйесі қайта жасалуда.