Бауыржан Байбек: Жыл соңына дейін Алматының қоғамдық көліктері 80% жаңарады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бауыржан Байбек қаладағы қоғамдық орындарды жаңғырту мен көліктік реформаны белсенді жүзеге асыру шешімінің себептерін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мегаполис басшысы Канада мен Еуропадан келген халықаралық кеңесшілермен бірлесіп, қаланың даму қарқынын бағалайтын зерттеу жүргізілгенін атап өтті. Болжанған деректерге сәйкес, 2035 жылға қарай агломерацияны есептемегенде, Алматыда үш миллион адам өмір сүрмек.
«Демек, қазірден бастап, жайлы өмір сүру деңгейін сақтау үшін және оны жақсарту үшін инфрақұрылымды, қоғамдық көлікті дамытуға және жаңа жоғары білікті жұмыс орындарын құруға күш салу керек. Қоғамдық көліктің санын төрт есеге - 1500-ден 6000 автобусқа дейін арттыру қажет. Электр көлігі мен велосипедтерге және ең бастысы жаяу жүргіншілерге арналған инфрақұрылымды дамытуды жалғастыру керек. Сонымен бірге, 2035 жылға дейін қаладағы автокөліктер санын осы деңгейде ұстау маңызды.
Егер бұл көрсеткіштерге қол жеткізе алмасақ, экология мен өмір сүру сапасын нашарлатып аламыз. Бүгін жасап жатқан барлық жұмыстарымыз, соның ішінде қоғамдық көліктің сапасын арттыру, трафикті қайта бөлу - қаланың одан әрі орнықты дамуы үшін жасалуда. Бұл жүйелі тәсіл мен алматылықтардың зор қолдауын қажет ететін күрделі міндет»,- деп атап өтті қала әкімі.
Қала әкімі биыл Алматының тарихи орталығының тағы үштен бірін қалпына келтірген «Халыққа арналған қала» тұжырымдамасына тоқталды.
Жаяу жүргіншілер аумағын эстетикалық және экологиялық жағынан көбірек кеңейтуден бөлек, көгалдандыру алаңдары кеңейтіліп, жаңа субұрқақтар іске қосылған. Энергия үнемдейтін көшемен жол төселіп, ғимараттардың қасбеті жаңартылды. Мәселен, бір ғана Абай даңғылының бойындағы 200-ден астам кафе, мейрамхана және дүкендер жаңартылған.
«Қалада әзірге ұзындығы 500 шақырым болатын 524 көше жөнделген және барлық жерасты өткелдерін жаңарту жұмыстары аяқталып келеді. Үш жаңа көлік айырығы салынып, көпірлер кеңейтіліп жатыр және трамвайлар жолдары алынып тасталды. Жыл соңына дейін жаңа қоғамдық көліктер үлесін 80% дейін арттыру жоспарланып отыр. Өткен жылы 479 жаңа автобустың 80% жергілікті бюджет есебінен алынса, биыл жоспарланған 569 автобустың 56%-ін жеке компаниялар сатып алуда», - дейді Бауыржан Байбек.
Өткен жылы қалалық билік Панфилов, Жібек Жолы, Гоголь, Қабанбай батыр, Төлебаев, Байсейітова көшелері мен Астана алаңын жаңартса, биыл Абай, Абылайхан, Достық, Назарбаев даңғылдары мен Желтоқсан көшесі, «Алматы 2» теміржол вокзалы аумағы мен Республика Сарайының алдындағы алаң жөндеу жұмыстарымен қамтылады.
Жыл соңына дейін көше шамдарының үштен бірі жаңартылады. 24000-нан астам шамдар немесе 31.5% энергияны үнемдейтін және жарықдиодты шамдармен алмастырылады.