Бауыржан Исламхан футболдан Қазақстан біріншілігінің ең үздік ойыншысы атанды

Мамандардың пікірінше, Бауыржан Исламхан биылғы маусымды сәтті өткізген. Ал «Қайрат» командасы маусым барысында чемпиондыққа үміткер командалардың бірі болды. Дегенмен, соңғы ойындарда қарсыластарына есе жіберіп алып, нәтижесінде қола жүлдеге ие болды. Сонымен қатар, алматылық клуб биыл Қазақстан Кубогын жеңіп алды. Биылғы біріншілікте Бауыржан барлығы 5 гол салып, әріптестеріне 9 рет гол салуға мүмкіндік берген. Сондай-ақ Бауыржан биыл Ұлттық құрама сапында да тәп-тәуір өнер көрсетті. Ол 6 матчқа қатысып, қарсыластар қақпасына екі гол салған. Оның еншісінде барлығы - 166 ұпай.
Екінші орында «Астана» футбол клубының 28 жастағы жартылай қорғаушысы және Орталық Африка Республикасы ұлттық құрамасының ең үздік ойыншыларының бірі - Фокси Кетевоама. Оның командасы биыл ел чемпионы атанды. Кетевоама барлығы 16 гол салып, чемпионаттың ең үздік мерген футболшысы және әріптестеріне 16 рет гол саларлық ойын өрнегін көрсетіп, ең үздік көмекші футболшы атанды. Оның еншісінде - 86 ұпай.
Үшінші орында «Ақтөбе» футбол клубының 30 жастағы жартылай қорғаушысы Марат Хайруллин. Команда биыл ел біріншілігінің күміс жүлдегері атанды. Ол «гол+пас» жүйесі бойынша 20 ұпай жинақтады. Биылғы маусымнан кейін Марат клуб тарихында ең көп ойнаған және ең көп гол салған футболшы атанды. Ол әрі қазақстандық клубтар сапында Еуропа Кубоктарында ең көп ойнаған ойыншы.
Айта кетелік, Қазақстан біріншілігінің ең үздік ойыншысы «Sports.kz» порталының «Алмас» жобасының сауалнамасы арқылы анықталды. Бұл жобаны портал 2011 жылы Қазақстан біріншілігінің ең үздік футболшысын ай сайын және маусым сайын анықтап тұру үшін қолға алған болатын. Өткен жылы «Шахтер» клубының шабуылшысы Андрей Финонченко ең үздік ойыншы атанса, 2011-2012 жылдары «Жетісу» (Талдықорған) және «Ертіс» (Павлодар) командаларында өнер көрсеткен өзбекстандық футболшы Ұлықбек Бакаев ең үздік ойыншы болып танылған еді.