Баян Есентаева: КешYou-де тек таланттылар ән салады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Атақты тележүргізуші және продюсер Баян Есентаева инстаграм желісі арқылы елдегі атақты «КешYou» тобы құрамының өзгеруіне қатысты сын айтып жүрген адамдарға арнап жазба жариялады. «Достар, Кешью тобындағы әр қыз дарынды, өздеріне ғана тән қасиеттері бар. Оларды салыстырудың қажеті жоқ. Кешью сіздер үшін он жыл жұмыс істеп келеді. Олар әрдайым сіздерді таң қалдыруға тырысты», - деп жазды Б.Есентаева.
Продюсер бұл топ шығармашылық тұрғыда шеберлігін шыңдай түсетінін айтты. «Бүгінде Кешью елдегі мықты, дарынды, сүйікті топтардың бірі. Оның құрамы алдағы уақытта да өзгереді. Қыздарымды, командамызды сыйлауларыңызды сұраймын. Кешью тобының құрамында әрдайым ең дарынды қыздар ән айтатын болады!» - деп түйді ол. Еске сала кетейік, шілде айының ортасында Баян Есентаева «КешYou» тобының бұрынғы мүшесі Мөлдір Әуелбекова ұжым құрамына оралатынын айтқан. Жанар Доғалова, керісінше, жеке әншілікпен айналысатынын айтқан. Бұл жаңалықты топ өнеріне табынушылар әр түрлі қабылдады. Басым бөлігі топтың әр мүшесін салыстырып, оларға қатысты сын айта бастаған.
«КешYou» «Астана Жұлдызы» ұлттық музыкалық премиясы өнер додасында екінші жыл қатарынан үздік қыздар тобы атануда.