Баян-Өлгей мен Қазақстан арасында жаңа әуе бағыттары ашылуы мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Моңғолия мен Қазақстан арасында жаңа әуе бағыттары ашылуы мүмкін. ҚР Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет отырысы барысында осындай мүмкіндікті қарастыруды тапсырды.

Баян-Өлгей мен Қазақстан арасында жаңа әуе бағыттары ашылуы мүмкін

«Инвестицялар және даму министрлігі Баян Өлгей-Алматы, Баян Өлгей-Өскемен арасында әуе қатынасын ашу туралы мәселені зерттесін», - деп атап өтті К.Мәсімов.

Сондай-ақ, ол Ауыл шаруашылығы министрлігіне - Моңғолияда Семей ет комбинатына арнап ет сатып алу, сондай-ақ мал шаруашылығы кластерін құру мүмкіндігін қарау тапсырылды. Сыртқы істер министрлігіне Баян-Өлгейде консулдық қызмет ашу және оған қоса Ұланбатыр қаласында Қазақстан елшілігінің ғимаратын салу тапсырылды.

«Білім және ғылым министрлігі Моңғолия азаматтарына еліміздің жоғары оқу орындарына бөлінетін квотаны көбейту мәселесін қарастырсын. Сыртқы істер министрлігі осы тапсырмалардың орындалуын бақылауға алып, тиісті ақпаратты Премьер-Министрдің Кеңсесіне енгізсін», - деп атап өтті ол.

Еске салсақ, өткен аптада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен К.Мәсімов 10 шілдеде сел көшкен Моңғолиядағы Баян-Өлгей аймағындағы (округ) Өлгей қаласына барды. Төтенше жағдай нәтижесінде 100-ден астам үй қирап, 700 адам баспанасыз қалды.

Өлгей қаласындағы қазақ диаспорасының өкілдерімен кездесуде К.Мәсімов Президент Н.Назарбаевтың тапсырмасымен ҚР Үкіметі сел көшкінінен зардап шеккен отбасыларға қаржылай көмек көрсетілетінін мәлімдеген болатын.