Баян-Өлгейде соққан дауыл бірнеше мектепті шатырсыз, бір ауылды жарықсыз қалдырды

БАЯН-ӨЛГЕЙ. ҚазАқпарат - Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында желдің жылдамдығы 24-28 м/с жетіп, қатты дауыл тұрды. Салдарынан Ұланқұс сұмынының (ауылы) орта мектебі мен балабақша ғимараттарының шатыры ұшып, Делүн ауылы жарықсыз қалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Баян-Өлгейде соққан дауыл бірнеше мектепті шатырсыз, бір ауылды жарықсыз қалдырды

Дауыл кеше, 26 наурыз күні болған. Аймақтық электр желісі басқармасы тарапынан тиісті шаралар қолға алынуда. Мамандар электр желісін қалпына келтіру үшін бірнеше күн қажеттігін айтуда.

Ал Ұланқұс ауылы әкімі Нұрлан Оңашыбайұлының мәліметінше, аталмыш ауылдың талшықты-оптикалық кабелі үзіліп, Соғақ орта мектебінің көкөніс жылыжайы желге ұшқан. Сондай-ақ шаңды дауылдың салдарынан, жергілікті әуежайға ұшақтар қона алмады.

Дауыл күні ғимараттардың шатыры желге ұшып, кейбір үйлердің қоршауы құлаған. Мысалы Өлгей кентінде - 10, Ұланқұс, Тұлба ауылдарында - 2, Сақсайда - 7, Бұйынты ауылында - 5, Бұлғын ауылында 1 үйдің қоршауы құлап, шатыры бүлінген.

Бүгінгі таңда аймақтық Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеті, келген шығын көлемін анықтап жатыр. Ал аймақтық су, метеорологиялық және экологиялық қадағалау басқармасының болжауынша, 27 наурыздан 2 сәуірге дейінгі аралықта 12-14 м/с жылдамдықпен соққан желдің екпіні 20-22 м/с жетіп, соңы күшті дауылға ұласуы мүмкін.   

null

Автор: Қуат Уатхан