Баянауыл ұлттық паркінде бірқатар заң бұзушылық анықталды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Баянауыл ұлттық паркінде прокурорлық тексеріс барысында жерді өз бетінше басып алу, заңсыз құрылыс салу және конкурссыз учаскелер беру фактілері анықталған. Бұл туралы Павлодар облысы прокуратурасы мәлім етті.

Баянаульский национальный парк
Фото: Kazinform

«Қазіргі уақытта қадағалау актісі бойынша жерді босату және өз бетінше салынған ғимараттарды бұзу бойынша шаралар қабылданып жатыр. Сонымен қатар прокурордың наразылығы бойынша Орман шаруашылығы комитеті туробъектілерді орналастыруға орын бергені үшін тарифтерді бекіту бойынша жұмыс жүргізуді қолға алды», — делінген хабарламада.

Бүгінгі таңда 70-ке жуық демалыс үйлері, кафелер мен мейрамханалар жалға алынған жер учаскелері үшін төлемнен босатылды.

Сол себепті Баянауыл ұлттық паркі жыл сайын шамамен 230 млн теңге шығынға ұшырайды, бұл табиғатты қорғау іс-шараларына, қызметкерлердің ақшалай үлесіне және т. б. бағытталуы мүмкін еді.