Баянауыл ұлттық паркінде қарақұрттардың жұмыртқасы жойылып жатыр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Мекеменің ғылыми қызметкерлері аталған жұмыстар демалушылар мен парк аумағына келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Торайғыр көлінің солтүстік-шығыс жағалауында қарақұрттарды жою жұмыстары басталды.
- Ұлттық парктің ғылым және мониторинг бөлімі мен Жасыбай бөлімшесі мемлекеттік инспекторларының қатысуымен Торайғыр көлінің тасты аумағында қарақұрттарды жою бойынша іс-шара өткізілді. Жұмыстар барысында 24 дана қарақұрттың жұмыртқасы арнайы ыдысқа жиналып, көздері жойылды. Ал аналық қарақұрттар анықталған жоқ. Іс-шара демалушылар мен парк аумағына серуендеп келген туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған, - деп хабарлады Баянауыл ұлттық паркінен.
Қауіпті жәндіктер Торайғыр көлінің солтүстік тасты жағажайында шамамен 2-3 шектар жерді жайлаған.
Бұған дейін Баянауылдағы Торайғыр аумағында тағы қарақұрт шығып жатқанын жазғанбыз.