Баянауылда атағы дүйім елге танылған құсбегі Мәуия Әбікейұлының атына кабинет ашылды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Мәуия Әбікеев (1900-1985) заманында КСРО Тұтынушылар қоғамы орталық одағының қаулысымен «Аңшылық ісінің үздігі» атанған. Мәскеуде өткен Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінде алтын медальмен марапатталған.
Ол бүркітшілік пен тазы ит асыраудың хас шебері болған. Қазақтың үштен бірі қырылған отыз екінің аштығында өзі сияқты аңшылармен тізе қосып, Алтайдан таутеке, бұлан, елік атып әкеліп, тұтас ауылдардың аштықтан аман қалуына сеп болған. Түз жануарларының еті бір шеті Қарағанды, бір шеті қазіргі Екібастұздың аумағындағы ашыққан елге таратылған.
Кеңес өкіметі жылдары кәсіби аңшы болып еңбек етіп, бекітілген жоспарды еселеп орындап отырған. Бұл еңбегі үшін «Аңшылық ісінің үздігі» белгісімен, Мәскеуде өткен Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінде (1972 жылы) алтын медальмен марапатталған. Сондай-ақ Чехословакияда өткен аңшылардың дүниежүзілік форумына қатысып, қазақ бүркіт салу өнері жайында дәріс оқыған.
Шәкен Айманов түсірген «Найзатас баурайында» фильмінде қарт бүркітшінің бейнесін сомдаған.
Мәуия құсбегінің есімін ардақтау мақсатында Баянауылда жыл сайын бүркітшілердің республикалық слеті өтеді. Аудан орталығында тұлғаға арнап ескерткіш орнатылған.
24 ақпан күні Баянауыл ауданы орталығындағы Шапық Шөкин мектебінде танымал тұлғаның атына кабинет ашылды. Бүгінде аталған ауданда бүркітшілік, аңшылық өнері кеңінен дамыған.