Баянауылда боранда адасып қалған азамат жарты тәуліктен соң құтқарылды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Сәтбаев ауылдық округінің тұрғыны мал қарап келуге жеке көлігімен шығып, адасып омбы қарға батып қалған. Оны іздеуге төтенше жағдайлар қызметкерлері мен атқарушы орган өкілдері жұмылдырылған.

Өңірлік төтенше жағдайлар департаментінен хабарлағандай, 8 қаңтар күні сағат 10.00-де Баянауыл ауданы Сәтбаев ауылдық округінде ер адамның жоғалып кеткені туралы хабарлама түскен.
«1996 жылғы азамат мал қарап келу үшін ауылдан шығып кеткен. Соңғы рет байланысқа сағат 13.30-да шыққан. Жоғалып кеткен тұрғынды іздеуге ТЖД күштері, жергілікті атқару органдарының мамандары мен ауыл адамдары жұмылдырылды», - деп мәлімдеді департаменттен.
Кеше сағат 21.37-де ер адам табылды.
Баянауыл аудандық ауруханасының бас дәрігері Серік Арынов табылған азаматты Құндыкөлдегі медициналық мекеменің дәрігері қарағанын жеткізді. Ол боранда қатты тоңып қалған, үсік шалмаған. Аудандық ауруханаға жатудан бас тартқан соң анасы үйіне алып кетті.