Баянауылда еуропалық үлгіде жабдықталған жүзу бассейні бар тұңғыш спорт кешені ашылды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Баянауыл ауданының орталығында құйылмалы жүзу бассейні бар заманға сай дене шынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылды. Ғимаратқа бір мезгілде 100-ден астам адам келе алады.

Баянауыл ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Баянауыл ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Жалпы аумағы 4,5 мың шаршы метрден асатын спорт ғимаратының ерекшелігі басым. Мұнда жаттығу залдары, бокс, күрес, үстел теннисі, волейбол, баскетбол залдары, шағын футбол, стритбол алаңдары бар. Бұған қоса садақ атуға, интеллектуалдық ойынға арналған және тағы да басқа залдар орналасқан. 

Баянауыл ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Баянауыл ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Баянауыл ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Баянауыл ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ең бастысы, Баянауыл ауданының спорттық инфрақұрылымында тәуелсіздік жылдарынан бері алғашқы жүзу бассейні ашылып отыр. 25х11 көлемді, 4 жолақты бассейн кент тұрғындарының барлығы үшін қолжетімді болады. Оның құрылысына заманға сай материалдар пайдаланылып, еуропалық үлгідегі жабдықтар орнатылған. Су құйылмалы жүйемен үнемі айналып тұрады. Мұндай бассейндер ұзақ жылға шыдайды әрі суға түсушілер үшін барынша қауіпсіз. 

спорттық кешеннің ашылуы
Фото: Баянауыл ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Кешеннің ашылуына Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов қатысып, баянауылдық жұртшылықты көптен күткен игілікпен құттықтады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың өмір сүру сапасының жақсаруы және жастардың салауатты өмір салтымен шұғылдануы – басты міндеттердің қатарында екенін айтқан. Ұлылардың мекені, қаймағы бұзылмаған Баянауыл жерінде осындай тамаша мүмкіндіктерге ие, заманға сай спорт ғимараты ашылып отырғанына көппен бірге қуаныштымыз. Ауданның табиғаты сұлу болғанымен, инфрақұрылымын жаңғыртуда шешімін күткен мәселелер баршылық. Сондықтан бүгінгі жаңа нысан сол жаңа істердің бастамасы ғана деп ойлаймын. Халқымызда «Туған жерге қамқорлық – ұлтқа қамқорлық», деген жақсы сөз бар. Өңір билігі тұрғындарға берген уәдесін әрдайым орындайды. Осыдан екі жыл бұрын аудандағы жас ұрпақ өкілдеріне спорт кешенін салып береміз деп уәде еткенбіз. Бүгін соның нәтижесін көріп отырмыз. Жаңа спорт кешені әлемге танымал спорт майталмандарын тәрбиелеп шығарады деген сенімдеміз, - деп атап өтті өңір басшысы. 

Баянауыл ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Баянауыл ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Баянауыл ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Баянауыл ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Мердігерлік компания өкілдерінің айтуынша, әмбебап спорттық кешен Ертіс-Баян өңірінде алғашқы болып ашылып отыр. Құрылысына 2,8 млрд теңге бюджет қаражаты жұмсалған.

– Мұндай әлеуметтік маңызды жобаны аудан халқы ұзақ жыл күткен еді. Өйткені бұқаралық спортты дамытып, халықты салауатты өмір салтына баулитын мүмкіндіктер аз болды. Осы олқылықтың орнын толтыратын спорт кешеніне Баянауылға кіре берістен жер таңдалғаны да қуантады. Себебі бұл аумақта спорт нысандары жоқ. Әрі аудан басында бір ғана спорт кешені бар, оның өзі күрес түрлері мен боксқа ғана арналған. Жалпы спорт мектебінде 600-ден астам бала шұғылданса, енді олардың қатары тағы 200 балаға көбейеді деп отырмыз. Жаңадан суда жүзу, волейбол, баскетбол, шағын футбол, садақ ату секциялары жұмыс істей бастайды. Бұған дейін волейболшыларымыз шағын ғана залда жаттығып жүрген. Олардың арасында бес жасөспірім Қазақстанның чемпионы. Жүзу спортын дамытуға да мүмкіндік иелендік. Аудан бойынша бүгінде 9 мың адам (39 пайыз) спортпен тұрақты шұғылданады, - дейді Баянауыл ауданы дене шынықтыру, спорт және туризм бөлімінің басшысы Зейнолла Тәліпов. 

Қазіргі уақытта аталған ауданда 15 спорт түрінен үйірмелер бар. Енді олардың қатары еселене түседі деп күтілуде. Жергілікті спорт мектебі спортқа бейім балаларды 6 жасынан қабылдай береді.

Еске сала кетейік, елімізде спорт, өнер және қосымша білім берудің бірыңғай ваучер жүйесінің пилоттық жобасы іске қосылады. 

Соңғы жаңалықтар