Баянауылда қырылған құстардан жұқпалы індет анықталған жоқ – ветеринария мамандары
ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Баянауылдың Қосшалқар көлінде белгісіз себеппен қынадай қырылған дала құстары ешқандай жұқпалы дертке шалдықпаған. Құс патологиясын зерттеген «Ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталық» РМК қызметкерлері осындай шешімге келді. Бұл туралы өңірлік ветеринария басқармасынан хабарлады.
«Биылғы 6 тамызда Баянауыл ауданы, Күркелі ауылдық округі, Қосшалқар көлінің аумағында суда жүзетін жабайы құстардың өлімі тіркелді. Ветеринариялық мамандар «Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ-мен бірлесіп эпизоотиялық тексеру жүргізу үшін сол жерге барды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің «Ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталық» РМК қызметкерлері 5 құстың патологиялық материалын іріктеп, «Құстардың жоғары патогенді тұмауы», «Ньюкасл ауруы» аурулары бойынше зертханалық тексеруден өткізді. 2024 жылғы 23 тамыздағы сынақ хаттамасына сәйкес, жоғарыда аталған аурулар дала құстарының өлексесінен анықталмады», - деп жазылған басқарма таратқан ақпаратта.
Сонымен қатар ветеринариялық мамандар жақын маңдағы су қоймаларына тұрақты мониторинг жүргізіп отырғаны айтылған. Оларда жабайы құстардың өлу фактілері тіркелмеген. Жоспарлы тәртіпте Күркелі ауылдық округі тұрғындарының жеке аулаларында ұсталатын 1 395 бас үй құсына Ньюкасл ауруына қарсы вакциналау жүргізілді.
Жабайы құс өлімінің себептерін анықтау мақсатында Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандары одан әрі зерттеу үшін Қосшалқар көлінің аумағында топырақ, су және өсімдік жамылғысының сынамаларын алған.
Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаев құстардың қырылуына жақын маңдағы егістікке себілген пестицидтер себеп болуы мүмкін деген нұсқаны алға тартады.
– Қосшалқар көліне 17 шақырымдай жерде, Қарағанды облысы аумағында әлдебір шаруашылық егін егіп отыр. Олар егіндерін пестицидтермен өңдеген. Жергілікті жұрттың айтуынша, құстар сол бағытқа жиі ұшқан. Құстардың пестицидтерден уланғанын зертханалық қосымша зерттеулер анықтайды. Бұған қоса судың құрамы өзгеруінен қырылуы мүмкін деген де болжам бар. Қосшалқар көлінің суынан сынама алынды. Біздің облыста құс өлекселері мен судың құрамын арнайы зерттейтін зертханалар жоқ. Сондықтан нәтижелерін күтуге тура келеді, - дейді Р. Төлепбаев.
Еске сала кетейік, Баянауылдағы Шалқар көлінде 150 дала құсы белгісіз жағдайда қырылып қалған еді.
Құстардың өлексесін жинауға қатысқан ауыл адамдары Баянауылда қырылған құстың саны мыңнан асып кетуі мүмкін екенін айтқан болатын. Алайда ветеринария мамандары бұл туралы нақты ақпарат бермей отыр.