Баянауылда оқушыларды кәсіпке бағыттайтын ерекше жоба бар
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Баянауылдың№ 2 Майқайың орта мектебінде оқушыларды заманға сай кәсіпке бағдарлауға және білімдерін жетілдіруге арналған «Jaryq foundation» жобасы өрісін жая түсті. Дені SMM, мобилография, киберспорт, роботтехника сияқты сұранысқа ие мамандықтардан тұратын кешенді жобаға өңірдегі кез келген зейінді бала қатыса алады.
«Jaryq foundation» сырттай интеллектуалды ойын саналғанымен, оған қатысушылар келешекте кәсіптік бағдарлауға жол ашатын бірегей жоба деп баға берді. Жоғары сыныптарда білім алып жүрген жастардың көбі болашақ мамандығы қандай салада болатынын елестете алмайтыны шын. Жыл сайын елімізде орта есеппен 70 мыңнан астам түлек жұмысқа орналасуда қиындыққа ұрынатынын ресми статистика көрсетіп отыр. Ал жұмысқа тұрған түлектердің 40 пайызы мамандығы бойынша еңбек етпейді. Бұған жастардың үштен бірі мамандықты өздері таңдамайтыны себеп көрінеді. Өз қалауына сүйенбегендіктен əлеуетін толық іске асыру мүмкін болмайды. Ал алған дағдылары мен білімдері уақыт өте ескіріп, еңбек нарығында бəсекеге қабілетсіз болып қалады. Сол үшін де жастарға мектеп қабырғасынан бастап кәсіптік бағдар беру өте өзекті.

Алтынды Майқайың кентіндегі № 2 орта мектебінің жас мамандары — Дидар Халимолла, Бөгембай Бахитденов, Ермек Рахымжановтың бірлескен авторлық жобасы алғашқыда «Не? Қайда? Қашан?» интеллектуалды ойыны негізінде түзілген екен. Кейін жетілдіре келе 11 бағыттан тұратын кешенді жоба құрған. Дидар мектепте биология мен математикадан, Бөгембай биологиядан, ал Ермек математикадан сабақ береді.
Бөгембай Бахитденовтың айтуынша, жобаның негізгі мақсаты — оқушыларды жан-жақты дамытып, зейінін жетілдіру.
— «Білім күннен да жарық» деген нақылды өзімізге ұран етіп алдық. Жоба атауындағы «Jaryq» сөзі сол үшін таңдалды. Ал «foundation» сөзі оқушыларға арналған дайындық бағдарламаларын білдіреді. Жас ұрпақ жастайынан көзі ашық, көкірегі ояу болып қалыптасып, мамандықтарды айыра білсе, мектеп бітіргенде оңай болады. Жалпы орта білім саласында оқушылар үшін жауабы табылмаған сансыз сауал бар. Өкінішке қарай көпшілігі үшін әлгі беймәлім дүниелер жұмбақ күйде қала береді. Қазіргі қоғам мектеп түлектерінің интеллектуалдық деңгейіне ерекше талаптар қояды. «Егер оқушылардың пәндерге қызығушылығы болмаса, интеллектті қалай арттыруға болады?» деген сауал туындайды. Оқушыларды тәрбиелеу, оқыту және дамытудың ең көне құралдарының бірі — ойын. Ойлана келе, мектеп бағдарламасының материалын игеру аясында қолжетімді, жеңіл және қызықты интеллектуалды ойын-жарыстың нұсқасын әзірледік. Бұл жоба бүгінде мектеп пен қоғам алдында тұрған міндеттерді іс жүзінде жүзеге асыруға, мамандыққа бағдарлау саласындағы проблемаларды шешуге арналған. Мәселен роботехника бойынша балаларға қосымша тәлім беретін физика пәнінің мұғалімдері Құндыз Рахымжанова мен Елена Уахитова өз істерінің майталмандары, — дейді педагог.
Жоба авторлары 2022 жылдан бастап жаңа бағдарларды жоспарлап, заманға сай мамандықтар бойынша 7-11-сынып оқушыларын оқытуды, сондай-ақ балалар арасында ұлттық спорт түрлерін дамытуды қолға алған. Атап айтқанда, мұнда мобилография, шешендік өнер, SMM, роботтехника, киберспорт, ұлттық спорт (асық ату мен қазақ күресі), «Жарық» интеллектуалды ойыны, маусымдық марафон жүгірісі, өлкетану, кәсіптік бағдар жобалары және «Жарық» ақпараттық газетін шығару жолға қойылды.

Мобилография курсы бойынша балаларды үйретуді алғаш 2022 жылы мектеп оқушысы Рустам Әбілда бастаған. Бұл кәсіп бойынша арнайы тренерлік сертификаты бар. Ол қазіргі күні Қ.Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институтында білім алып жүргеніне байланысты камераның небір құпияларын оның шәкірттері үйретуде.
Ал марафонға жүгірудің қыр-сырын балаларға мектеп ұстазы Олжас Кәкімжанов үйретеді. Олжас баянауылдық желаяқ Нұрсұлтан Бірлік екеуі 2021 жылы Семей — Павлодар бағытындағы 330 шақырымды 44 сағаттың ішінде жүгіріп өткен болатын. Олардың үздік нәтижесі отандық Гиннестің рекордтар кітабына енді.
— Жуықта мектебімізде облыс әкімі Асайын Байханов болып, біздің жобамыз оқушылар үшін өте пайдалы екенін айтты. Оны алдағы уақытта қолдайтынын жеткізді. Мектеп ұстаздары шетінен белсенді. «Jaryq foundation» тек жетілдіруге ғана емес, жаңа білімдерді игеруге мүмкіндік беретін заманауи форматтағы ойын екенін көріп отырмыз. Балалар машықтарын дамытып, кез келген жағдайға талдау, қорытынды жасауды меңгереді. Алғашқы маусымда 30-ға жуық бала қатысса, екінші маусымда интеллектуалды ойынға — 40, ал кәсіптік бағдарлау бағыттарына 124 оқушы ниет танытқан. Бұл қызығушылық танытқандардың саны өсіп келе жатқанын байқатады. Сондықтан олардың саны алдағы уақытта өсе береді деп шамалап отырмыз. Былтыр жобаның шекарасы кеңейіп, Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларынан өтінімдер түсті. Демеушілердің көмегімен ойынға тігілетін жүлде қорын да арттыруды ойға алдық. Келешекте бағыттар санын еселеу де жоспарда тұр. Ұлттық спорт түрлерін дамытуды жолға қойып жатырмыз. Соның бірі жуықта ұйымдастырылған «Мектеп барысы» сайысы, — деп атап өтті оқу ісінің меңгерушісі Қарлығаш Тонтаева.
Бүгінде Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде тарих пәні бойынша білім алып жүрген Ернұр Бахитденов өзінің ұстаздық мамандықты таңдауына аталған жоба себеп болғанын айтады.

— Майқайыңдағы № 1 қазақ мектебін тәмамдадым. Мектептің соңғы жылында оқып жүргенде «Jaryq foundation» жобасы біздің мектепке де жетіп, бір жыл бойы тарихтан турнир ұйымдастырылды. Онда берілетін сұрақтар маған ұнайтын әрі оларға жауап беру қызықты еді. Сөйтіп тарих пәніне деген қызығушылығым артты. Нәтижесінде жоба оқуға түсерде тарих пәнін таңдауыма түрткі болды. Менің көптеген замандастарымның қызығушылығын арттырды. Кейбірі мобилография, SMM негіздерін үйреніп, қазір оқуына қарамастан тұрақты табыс тауып жүр, - дейді Ернұр.
Ұстаз Бөгембай Маратұлының айтуынша, 2025 жылы жоба өз аясын кеңейтіп, шамамен 400 баланы қамтиды деген жоспар тұр. № 2 Майқайың орта мектебінде 800 бала оқиды. Бұдан былай бағыттардың саны артып, бастауыш сынып оқушылары да қатысады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Баянауыл ормандарында бұлан көзге түскенін жазған болатынбыз.