Баянауылда тағы бір алтын фабрикасы ашылады

алтын қазу
Фото: ey.com

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Кәсіпорын айына шамамен 80 килограм алтын шығарады деп болжанып отыр. Жаңа өндірістің нәтижесінде қосымша 250 жұмыс орны құрылады. 

Бұл туралы Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаев хабарлады. Жобаны толық жүзеге асыру, яғни фабриканы іске қосу келер жылға жоспарланған. 

— «Үштаған GOLD» ЖШС алтын кенін өндіру жұмыстарымен айналысуды жоспарлап отыр. Жобаны аталған компания 11,6 миллиард теңгеге жүзеге асыратын болады. Жыл соңына дейін жердің нысаналы мақсаттарын ауыстырып, құжаттармен айналысады. Ал фабрика 2025 жылы қолданысқа енеді, - дейді аудан басшысы.

Жобаны жүзеге асырудың нәтижесінде аталған өңірде 250 жұмыс орны пайда болады. Айына 80 келі алтын өндіріліп, құйма ретінде шығарылады. 

Жалпы келер жылы Баянауыл ауданында жалпы құны 3,7 млрд теңге сомасына екі инвестициялық жоба өміршең етіледі. Оның бірі — түйе фермасы болса, екіншісі суармалы учаске құру.

Еске сала кетейік, Майқайың алтын кенішінде қос құтқарушыны іздеу жұмыстары қайта жанданған болатын.  

Соңғы жаңалықтар
telegram