Баянауылда ұлттық паркке қарасты жерлер өртеніп жатыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар облысының Баянауыл ұлттық паркінде таулы жерлер өртенуде. Жалынды ауыздықтауға барлығы 80-нен астам адам мен 30 техника жұмылдырылған.

Баянауылда ұлттық паркке қарасты жерлер өртеніп жатыр
Видеодан алынған кадр

Баянауыл ауданының таулы жерінде табиғи өрт шықты. Куәгерлердің айтуынша, өрт Қарағанды облысы жақтан келген.

— Өртті сөндіруге Төтенше жағдай министрлігінің күштері мен құралдары, Жанатілек пен Қаратомар ауылдарындағы ауыл құтқарушыларының бекеттері, Баянауыл ұлттық паркі мен «Ертіс орманы» қызметкерлері, Баянауыл ауылының ерікті құрылымдары, сондай-ақ «Қазавиақұтқару» әуе кемесі жұмылдырылды. Барлығы 80-нен астам адам мен 30 техника тартылған, — деп хабарлады ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінен.

Баянауылда ұлттық паркке қарасты жерлер өртеніп жатыр
Видеодан алынған кадр

Министрлік өкілдері өртті сөндіру және іргелес аумақты қорғау үшін үш учаске мен жедел штаб құрылғанын мәлім етті. Сондай-ақ сөндіру жұмыстары қатты желге, таулы жер бедеріне және аумақтың жетуі қиын болуына байланысты қиындап тұрғанын хабарлады. 

Баянауыл ұлттық паркінің директоры Алмас Жұмашев өртке оранған жерлер ұлттық парктің аумағына тиесілі екенін растады. Әзірше өртенген аумақтың көлемі белгісіз.

Еске салайық, бұған дейін Ертіс өзенінің жайылмасы өртенгенін жазғанбыз.