Баянауылдағы Сабындыкөл жағалауы заманға сай абаттандырылады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Баянауылдағы Сабындыкөл маңайын алдағы уақытта заманға сай абаттандыру жоспарланып отыр. Мұнда Павлодар қаласындағы Орталық жағажайдағыдай ағаштан жасалған жолдар, күннен қорғайтын шатырлар, ағаш шезлонгтар, душ пен киім ауыстыратын орындарды орналастыру көзделген.

Таулы өлкеге ағылып келіп жатқан туристердің көптігі ескеріле отырып, көлдің негізгі жағажайына шолу алаңын орналастыру көзделген. Келешекте бұл аумақ Жасыбай демалыс аймағы сияқты заманауи демалыс орнына айналуы ғажап емес.
«Тағы бір жоба - Баянауыл ауылындағы Сабындыкөл көлінің жағажай аймағына кіре беріс жерде шолу алаңын салу. Бұл жерде болашақта заманға сай жағажай пайда болады. Жобалаушылар Павлодардағыдай жайлы да әдемі инфрақұрылымдар салуды көздеп отыр. Сондай-ақ Баянауылда коворкинг пен конференцияларға арналған арнайы кабинеттер, мультимедиялық мұражай және т.б. орналасатын визит-орталықтың құрылыс жобасы да дайын тұр», - деп хабарлады өңірлік әкімдіктің баспасөз қызметінен.
Еске сала кетейік, Баянауылда бір демде 5 мың адам демала алатын 50-ден аса туристік нысан бар.