18:57, 18 Қаңтар 2020 | GMT +5
Баянауылда боранда жоғалған 2 ер адам табылды
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Қаңтардың 17-і күні сағат 21.45-те Баянауыл ауданы, Қызылтау ауылдық округі, Лекер ауылының Мауке учаскесінде іздестіру жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Бұл туралы облыстық ТЖД баспасөз қызметі мәлім етті. - Баянауыл ауылынан 35 шақырым қашықтықта ТЖ департаментінен 4 қызметкер, 1 техника және жоғалған адамның туысы іздестіру шараларына жұмылдырылды. Сағат 17:00-де Мауке учаскесінен УАЗ автокөлігімен шыққан 1988 және 1989 жылы туған екі ер адам жоғалып кеткен, - дейді департаментте.
18 қаңтар күні сағат 02.20-де ТЖД іздеу тобы оларды Мауке учаскесінен 1.5 шақырым қашықтықта тауып, Баянауыл ауылына алып келді. Екі азаматтың да жағдайы қанағаттанарлық, медициналық көмек қажет болмады.