Баянауылдағы өртті толық сөндіруге не кедергі болып отыр
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Баянауыл ұлттық паркіндегі өрт ошақтары әлі де сөнген жоқ. Бұл туралы Төтенше жағдайлар комитетінде өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгін таңертең сағат 8-де әуедегі барлау жұмыстарын жүргізуге талпыныс жасалды, бірақ жел секундына 16-20 метр жылдамдықпен соққандықтан, тікұшақ ұша алмады. Өртті ауыздықтауға департамент пен орман күзетінен жалпы саны 130 адам және 7 техника тартылды. Кеше айтқанымдай, периметр бойынша өрт таралмаған. Өрт ішінде әлі де ошақтары бар»,- дейді ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер.
Осы себепті өртті оқшаулау және сөндіруді тоқтату туралы шешім қабылданбаған.
Айта кетейік, 22 қыркүйекте Павлодар облысы Баянауыл ұлттық паркінде өрт басталған. Өрттің болжамды аумағы - 93 га. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
Бұған дейін Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы өткен тәулікте Шығыс Қазақстан облысында 300 гектар аумақтағы шөп өртенгенін айтқан болатын.