Байбазаров санкцияға түскен қазақстандық компанияларға қатысты пікір білдірді
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров санкция салынған компаниялардың тізіміне жаңа қазақстандық кәсіпорындардың кіруіне байланысты пікір білдірді.
«Менің есімде болса, осыған дейін екі қазақстандық компания Америка санкциясына тап болған еді. Бұл өзі бір күндік компаниялар. Сондай мақсат үшін ашылатын болса керек. Тексеріп қарасақ, ашылады, қандай да бір келісімшарт бекітеді де жоғалып кетеді. Батыстағы санкцияға жауапты қаржы қызметтері ол компанияларды «өткен шақта» әшкерелейді де санкция тізіміне енгізеді», — деді вице-премьер.
Ұлттық экономика министрі мұндай компаниялардың әшкере болуы Қазақстанда санкцияларды айналып өтудің жүйелі схемасы бар дегенді білдірмейді.
«Мен бұл жүйелі мәселе деп, қазақстандық компаниялар санкцияны айналып өтуге талпынады деп ойламаймын. Бұл табыс көздеген түрлі компаниялар. Онымен күресу қиын. Бірақ, жалпы алғанда, біз санкцияның орындалуын бақылап отырған америкалық және еуропалық тиісті қызметтермен келісілген шектеулерді сақтаймыз», — деді Нұрлан Байбазаров.
Еске салсақ, Байбазаров Қызылорда-Жезқазған жолына тартылатын сыртқы қарыздың пайыздық мөлшерлемесі қандай екенін айтып берді.
Бұған дейін Ұлыбритания Ресейдің әскери-өнеркәсіп кешеніне жаңа санкция қабылдағанын мәлім еткен еді.
Тізімдегі 56 компанияның ішінде Қазастанда тіркелген 6 кәсіпорын бар. Олар:
«STANEX Group»ЖШС;
«Kazstanex» ЖШС;
«ЗапчастьТрейд» ЖШС;
«Рабадазия» ЖШС;
CPS Energy;
«TawKZ»ЖШС.