Байбек: Алматыда 732 аула алаңдары абаттандырылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бауыржан Байбек  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Түрксіб ауданындағы жаңа спорт және  аула алаңдарының ашылуына қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Байбек: Алматыда 732 аула алаңдары абаттандырылды

Қала басшысы жұмыс сапары барысында С.Сейфулллин атындағы саябақты қайта жасау, «Жұлдыз» ықшамауданындағы жүргінші аймағын абаттандыру барысын, аулалардың ахуалын тексерді.

Түрксіб ауданында да аулаларды қайта жасау  жұмыстары жүріп жатыр. Биыл мұнда 80 аулаға асфальт, кеспе тас төселіп, орындық, урналар қойылған, спорт және балалар алаңдары жарық көздерімен қамтылған.

Бұлардан өзге, ауданда «Рухани жаңғыру»  бағдарламасы аясында бірнеше спорт және балалар алаңдары салынған.

«Бүгін Президентіміз Сіздер үшін барлық жағдайларды жасауда. Қалада соңғы екі жылда 732  аула алаңдары абаттандырылды. Бұл - әрбір бесінші аула. Бұл жұмысты біз келер жылы да жалғастырамыз. Тек қаланың орталығы ғана емес, барлық аулалар көркейеді, жастар спортпен шұғылданып,  балалар өздерінің қауіпсіз аулаларында ойнайтын болады. Қазіргі кезде «Менің ауламдағы спорт» жобасы аясында 6 мың бала 75 спорт алаңында кәсіби  нұсқаушылармен бірге  тегін жаттығуда. 2020  жылдарға дейін қаланың барлық  600 спорт алаңын қамтитын боламыз», -деп атап өтті  Бауыржан Байбек.

Жұмыс сапары барысында Бауыржан Байбек «Жұлдыз» ықшамауданындағы жүргінші аймағын абаттандыру жұмыстарымен де танысты.

Сонымен қатар, мұнда таяу арада спорт және балалар алаңдары ашылып, оларға архитектуралық пішіндер, орындықтар қойылады және қоғамдық тамақтану орны  пайда болады.

Алматы әкімі қайта жасалған С.Сейфуллин атындағы саябақта болды. Мұнда жаңадан асфальт төселген, арық желісі жаңарған, жаңа веложолдар жасалған, гүлдер, мен жасыл желек отырғызылып, балалар мен спорт алаңдары жасақталған.