Байбек бала сүйе алмай жүрген 300 отбасыға тегін көмек көрсетуді тапсырды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бауыржан Байбек экстракорпоральді ұрықтану бойынша қаржы тапшылығынан көптен бері кезекте тұрған алматылық 300 отбасына тегін медициналық көмек көрсету қажеттігін тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Байбек бала сүйе алмай жүрген 300 отбасыға тегін көмек көрсетуді тапсырды

Алматы әкімі Бауыржан Байбек бүгін Алматыда жаңа Репродуктивті институттың ашылуында орталықтың жұмысымен танысып, осындай тапсырма берді. Әкім Алматының 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасында қалалық денсаулық жүйесін, соның ішінде медициналық туризмді дамытуға ерекше мән берілгенін баса айтты.

«Бүгінгі таңда шетелдік инвесторлар Алматының медицина саласындағы қызметіне қызығып отыр. Репродуктивті медицина  институты клиникасының ашылуы біздің қаламызда медициналық туризмді дамытудың жарқын мысалы», - деді қала әкімі.

Репродуктивті  медицина  институының директоры Тамара Жүсіпәлиева клиника жылына 3 мыңға дейінгі отбасын қабылдай алатынын жеткізді. Ол экстракорпоральді ұрықтану бойынша барлығына бірдей көмек көрсету мүмкін емес екенін, Алматыда 300 отбасы қаржы жоқтығы салдарынан бірнеше жыл кезекте тұрғанын жеткізді. Бауыржарн Байбек аталған 300 алматылық отбасыға тегін медициналық көмек көрсету шараларын іздестіруге тапсырма берді. Сонымен қатар, қала басшысы экстракорпоральді ұрықтану бойынша жүкті болған  әйелдер үшін босанатын жаңа перзентхана салатын жер қарастыруды міндеттеді.

Репродуктивті медицина институтында бедеулікті медицина саласындағы соңғы технологиялар бойынша емдейді.

Репродуктивті медицина институының директоры Тамара Жүсіпәлиева Қазақстанда сапалы медицинаға деген сұраныс артып отырғанын жеткізді.

«Соңғы жылдары біздің қызметке деген сұраныс өсіп, медициналық туризм де дамып келеді. Жақын және алыс шетелден емделу үшін Алматыға келетіндер жеткілікті. Түркиядан, Германия мен Ресейден, Қытай мен АҚШ-тан келетіндер де баршылық», - деді Орталық директоры Т.Жүсіпәлиева.

Орталық директорының мәліметіне сүйенсек, тек АҚШ-тың өзінен ғана Репродуктивті медицина институына 75 емделуші келген.

Соның бірі - 43 жастағы америкалық Вера Смифф. Ол Қазақстанда емделу барысында жүкті болған. Бұған дейін отбасылық жұп үш рет емделген екен.

«Қуанышымда шек жоқ. Қазақстанда, соның ішінде Алматыда медициналық туризмнің болашағы зор деп ойлаймын. Америкамен салыстырғанда, мұндағы баға айырмашылығы айтарлықтай төмен. Қазақстандағы дәрігерлердің тәжірбиесі мен біліктілігі өте жоғары, ал бұл - медициналық туризмді дамытудың басты шарты», - дейді америкалық емделуші Вера Смифф. 

Жаңа клиникада 60  адам қызмет етеді.