Байбек: Ұлт санасының жаңғыруын мақсат еткен бұл еңбек - бағдарламалық құжат
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімдігінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 12 сәуір күні «Егемен Қазақстан» газетінде жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын талдауға арналған жиында қала активі бас қосты. Жиында сөз бастаған қала әкімі Бауыржан Байбек маңызды мақаланың бағадарламалық мазмұнына ерекше мән берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мақала екі күннің ішінде ғылыми, шығармашылық-интеллигенция өкілдерінің, ұлт зиялыларының, қалың жұртшылық тарапынан кеңінен қолдау тауып, мерзімді баспасөз және әлеуметтік желі парақшаларында қызу талқыланып жатыр. Ұлт санасының жаңғыруын мақсат еткен бұл еңбек - бағдарламалық құжат. Үлкен екі бөлімнен тұрататын мақаланың екінші жартысында Елбасы кез келген жаңғырудың ең алдымен Ұлттық болмысқа, дәстүрдің замана сынынан сүрінбей өткен озығына негізделуін қадап айтып отыр», - деген қала әкімі Бауыржан Байбек рухани жаңғыру ұлттың өз болмысынан, мәдениеті мен тарихынан сусындауы, соған сүйене отырып іске асуы қажет деген пікір айтты.
Сонымен қатар, қала әкімі бұл өзгерістер үрке қарап, тек қана өткенді жырлай берудің, жаңаның бәрін қисық деп тауып, кертарпалыққа ұрынудан ада болуды талап ететінін айтты.
«Мақалада еліміздің қазіргі таңда жаңа технологияларға, жаңа әлемдік саяси экономикалық ахуалға негізделген мүлдем жаңа тарихи кезеңге аяқ басқанын айта келе, Елбасы осы тұстан сүрінбей өту, яғни біртұтас ұлт болу үшін қандай қасиеттерге ие болып, міндеттерді еңсеру қажеттігі жөнінде ой толғайды», - деді Бауыржан Байбек қала активімен болған кездесуде.