«Байбектен келдім» деген адамға Алматы мейрамханасы 500 теңгеге түскі ас береді
Ол үшін клиенттер «Мен Байбектен келдім» кілтсөзін айтуы керек.
Оны айтқан адамға мейрамханалар 500 теңгеге түскі ас ұсынады. Акция бүгін ғана болады.
«Байбектен келдім» деп айтыңыз, біз Сізге 500 теңгеге бір ыстық тамақ пен ыстық шай береміз. Әкім Бауыржан Байбек 500 теңгеге тамақтануға болады деді емес пе? Біз соған сай болуға тырысып жатырмыз! Келіңіз», - деді мейрамхана басшылығы Instagramдағы парақшасында.
Алматы интернет қолданушылары Байбектің бұл сөзін қызу талқылауда.
Олардың көпшілігі 500 теңгеге түк келмейтінін айтса, кейбірі ондай мекемелер бар екендігін айтуда.
«ҚазАқпарат» тілшісі 500 теңгеге тамақтануға болатын қаладағы бірқатар тамақтану орындарын аралап көрді.
Барлығына белгілі «Узбечка» дәмханасында 500 теңгеге бірінші немесе екінші ыстық тамақ алуға болады.
«Манты 400 теңге тұрады, сұйық тамақ 350 теңге. Екеуін бірдей 500 теңгеге ала алмайсыз. Жарты порция манты алсаңыз 240 теңгеңіз кетеді. 300 теңгеге үш түрлі гарнирмен котлет алуға болады. Оған 1 шәйнек шай алсаңыз болады. Бұл 480 теңге болады. Немесе 2 самса, 1 шәйнек шай алсаңыз болады. Жарты порция палау мен шайнек шай 520 теңге болады», - деді асхана администраторы.
«Қағанат» асхана желісінде сұйық тамақтар 245-405 теңге болады. Қою тамақ 215-1000 теңге тұрады. Гарнир 110 теңге, шай 85 теңге болады. 500 теңгеге тамақ ішуге болады.
«Тағам» асханалар желісінде сұйық тамақ 250-450 теңге, қою тамақ 100-700 теңге, нан 70 теңге, шай 70 теңге тұрады.
Shipudim кәуап пісіретін желіде қой етінің кәуабы - 370 теңге, қабырғадан кәуап - 390 теңге. 500 теңгеге бұл жерде тауық етінен, үйрек етінен, саңырауқұлақтан жасалған кәуап алып жеуге болады.
Айта кету керек, кеше Алматы әкімі Бауыржан Байбек Астанадағы баспасөз мәслихаты кезінде девальвациядан соң мейрамханалардағы бағалар төмендегенін айтып еді.
Оның айтуынша, мейрамханаларда 500 теңгеге тамақтануға болады.
Бүгінгі экскурсиямыздан соң Байбектің сөзінің жаны бар екендігіне көзіміз жетті.
Алматыда 500 теңгеге тамақтануға болады, бірақ оған сіз тоясыз ба жоқ па? Бұл басқа сұрақ.