БАЙДАЛЫ БИ
Байдалы Бекшеұлы (1725-1820) би, шешен. Қазіргі Қарағанды облысы Жаңарқа ауданының Атасу өзенінің бас жағындағы Айдаһарлы таудың бөктеріндегі Жалпаққора деген қыстақта дүниеге келген.
Байдалы би Абылай мен Уәлихан тұсында өмір сүрген. Жастайынан ауыл арасында билік айтып, ел ісіне араласқан. Орта жүзге билік айтып, хандар саясатына бағдар беріп отырған билер кеңесінің ішінде Байдалыны Абылай хан «сегіз биім, сегіз биімнің ішіндегі семіз биім» деп ерекше құрметтеген. Биден «Алыс не , жақын не?» деп сұрағанда: «Жақын - ажал, алыс - білімді мен білімсіздің арасы» деген жауап; «Ағайынға қадірім жоқ - бетімді көреді, әйеліме қадірім жоқ - етімді көреді»; «Панасы жоқ таудан без, пайдасы жоқ байдан без»; «Ақсақалға жарасар аузындағы тобасы, бәйібішеге жарасар піспегі мен сабасы» деген нақыл сөздер қалған.
Байдалы биден қалған нақыл сөздері мен толғаулары әртүлі жинақтарда: 1927-1928 жылдары Қазан баспасынан шыққан Сулыжәдит, Унслхадит деген кітапта «Бұл заманда не ғарып, ақ қалалы боз ғарып, қадірін біліп ұқпаса, дүрлі гауһар сөз ғарып» деп басталатын толғауы, басқа да нақыл сөздері басылған. «Ел аузынан», «Сөз тапқанға қолқа жоқ», «Шешендік сөздер», «Қазақтың 100 би-шешені», тағы басқа жинақтарда, С.Сейфуллиннің шығармалары мен Қазақ Совет энциклопедиясында жарық көрген. Жазушы Мағзұм Тиесов «Байдалы би» деген кітап жазған.
Асан Жұмадилдиннің 1999 жылы «Байдалы би» деген деректі хикаясы кітап болып шыққан.
Байдалы биден Сабдалы, Дербісал, Байғара (шешелері - Қасқарау), Балтақара, Баби, Майкөз, Қосдәуір (шешелері - Манқан) атты ұрпақтар тараған.
Байдалы би Қарағанды облысының Молодежный (қазіргі Осакаров ауданы) ауданында Шілдертті өзенінің жағасында биік төбе басында жерленген. Ертіс-Қарағанды каналы салынған соң ол тұсты су басып тек Байдалы бидің моласы тұрған төбе ғана суға батпай арал болып қалған екен.
2004 жылы Қарағанды облыстық мәслихаты ХVІІ сессиясының шешімімен Жаңаарқа ауданындағы бұрынғы «Дружба» ауылдық округі Байдалы би ауылдық округы болып өзгертілген. Аудан орталығы Атасу поселкесінде көше аты Байдалы би есімімен аталады.
Дерек көздері:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 2 том
А.Жұмадилдин. «Жаңаарқа» дерекнама кітабы