Байдарка мен каноэде есу: Олимпиада жолдамасы кімге бұйырады

Байдарка, каноэде есу
Фото: ҚР ҰОК

АСТАНА. KAZINFORM – Жапония астанасы Токио қаласында байдарка мен каноэде есуден лицензиялық Азия чемпионаты басталды. Бүгін жарыс жолына шыққан спортшылардың барлығы финалға өтті.

Атап айтсақ, екі адамдық каноэде есуден (500 метр) Сергей Емельянов пен Тимур Хайдаров өз тобында бірінші орынға қол жеткізсе, бір адамдық байдаркада есуден Артем Терещенко финалға жолдама алды. Ол 200 метрге жарысудан бақ сынайды. 

Ал бір адамдық каноэде есуден (200 метр) Виктор Степанов та жолдамаға таласады. Бекарыс Рахматулла мен Сергей Токарницкий 500 метрге екі адамдық байдаркамен есуден шешуші сынға өтті. 

Париж Олимпиадасына жолдама беретін жарыста Бекарыс Раматулла, Андрей Ергучёв, Мария Бровкова, Сергей Емельянов, Ольга Шмелёва, Сергей Токарницкий, Татьяна Токарницкая, Тимур Хайдаров, Руфина Искакова, Ирина Подойникова, Ульяна Киселёва, Виктор Степанов және Артём Терещенко бақ сынап жатыр.

Жұптық сында жеңімпаздар, жекелей сында бірінші және екінші орын иегерлері Париж олимпиадасына жолдама алады. 

Төрткіл дүние көз тіккен төртжылдық дода осы жылдың 26 шілдесі мен 11 тамызы аралығында өтеді. Онда 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Соңғы жаңалықтар